Қазақстандық студент халықаралық байқауда жүлделі орынға ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — Будапешттің Мажарстан би университетінде өткен жас орындаушыларға арналған халықаралық «Budapest Ballet Grand Prix 2025» байқауы өз мәресіне жетті. Додада 21 елден келген 77 биші өнер көрсетті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Қазақстандық студент халықаралық байқауда жүлделі орынға ие болды
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан атынан байқауға Қазақ ұлттық хореография академиясы колледжінің 1-курс студенті Әбілмансұр Сырманов қатысып, Junior санатында үшінші дәрежелі жүлде лауреаты атанды.

BBGP байқауының мақсаты — талантты жас орындаушыларды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және халықаралық сахнада тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру.

Қатысушылардың жұмысына әлемдік балет өнерінің танымал шеберлері енген халықаралық қазылар алқасы баға берді.

Әбілмансұр Сырманов жүлделі орынмен қатар, бірнеше арнайы марапатқа ие болды. Ол Мажарстан би университетінің «Би әртісі» бакалавриат бағдарламасына тегін оқуға шақырту алды. Сондай-ақ Брно қаласында өтетін еуропалық би байқауына қатысу ұсынылып, ұйымдастырушылар барлық шығынды өздері көтеретінін жеткізді. Бұған қоса, жас биші Норвегия ұлттық балеті 2 және Дрездендегі Semperoper Ballet труппаларына бір апталық тағылымдамадан өтуге шақырту алды.

Жас өнерпазды байқауға классикалық би педагогы Әсет Мұрзақұлов дайындады.

Айта кетейік, Абай облысының театрлары екі бірдей халықаралық байқауда топ жарды.

Соңғы жаңалықтар