Қазақстандық теннисші Үндістандағы жарыста финалға дейін жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Гвалиор (Үндістан) ITF M15 турнирінің финалында өнер көрсетті.
Үндістандық Исак Экбалмен бірге жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші барлығы төрт кездесу өткізді.
Ломакин — Экбал алдымен аустралиялық Адриан Аркон — италиялық Пьетро Муджеллидің мысын басты — 6:4, 6:4.
Содан кейін ширек финалда үндістандықтар Виваан Бидасария –Ашравья Мехраны жолдан тайдырды — 6:3, 6:1.
Ал жартылай финалда тағы да корт иелері Арьян Лакшманан — Маниш Сурешкумарды қапы қалдырды — 6:4, 6:4.
Григорий Ломакин — Исак Экбал финалда доданың 2-ракеткалары, үндістандықтар Арьян Шах — Атхарва Шармамен бетпе-бет келді. Бірінші партияда қазақстандық-үндістандық жұп 6:2 есебімен басым түскенімен, сол қарқынын жалғастыра алмады — 3:6, 9:11.
Г.Ломакин жекелей сында ширек финалға дейін жетіп, онда үндістандық Дигвиджай Пратап Сингхқа есе жіберді — 6:7 (2:7), 2:6.
Григорий Ломакин қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 961-ден 922-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын алғаш рет қазақ теннисшісінің Майами турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.