Қазақстандық теннисші Үндістандағы жарыстың жартылай финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Бангалор (Үндістан) челленджер турнирінің жартылай финалына жолдама алды. 

Ломакин
Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші ресейлік Петр Бар-Бирюковпен бірге алдымен аустралиялықтар Мойрани Будзиге – Омар Ясиканың мысын басты – 7:6 (7:5), 6:3.

Ломакин – Бар-Бирюков бүгін ширек финалда жарыстың 3-ракеткалары, ресейлік Сергей Бетов – үндістандық Дживан Недунчезиянмен шеберлік байқасты. 

Бірінші партияда ресейлік-үндістандық дуэт 6:4 есебімен басым түсті. Дегенмен бұдан кейін қазақстандық-ресейлік жұп камбэк жасай білді – 7:5, 10:8. 

Бір сағат 39 минутқа созылған матчта Ломакин мен Бар-Бирюков 10 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыластары 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Ломакин – Бар-Бирюков финалға шығу үшін жергілікті теннисшілер Адиль Калианпур – Мукун Сасайкумармен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Рим турнирінің жартылай финалынан тыс қалғанын жазған едік.