Қазақстандық теннисшілер АТР 250 турнирінің екінші айналымына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар Денис Евсеев пен Тимофей Скатов Бостад (Швеция) АТР 250 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Денис Евсеев
Фото: olympic.kz

Олардың екеуі де жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған еді.

Дүниежүзілік рейтингіде 160-орында тұрған Д.Евсеев алғашқы айналымда әлемнің 103-ракеткасы, франциялық Александр Мюллердің меселін қайырды.

Екі сетте 7:5 есебі тіркелді. Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Евсеев 4 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Мюллер 4 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.

Денис Евсеев ширек финалға шығу үшін әлемнің 54-ракеткасы, испаниялық Роберто Карбальес Баэнамен таласады.

Осылайша, Д.Евсеев өзінің спорттық жолында алғаш рет АТР 250 жарысының екінші айналымына өтті. Бұған дейін ол тек Шанхай мастерс додасының бірінші айналымында ғана ойнаған еді.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 223-сатыдағы Тимофей Скатов аса тартысты матчта әлемнің 90-ракеткасы, жапониялық Таро Дэниелді жолдан тайдырды – 6:7 (7:9), 6:2, 7:6 (7:4).

Үш сағат 32 минутқа созылған ойында Скатов 8 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін құр жіберген жоқ. Дэниел 9 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Тимофей Скатовтың келесі қарсыласы – әлемнің 27-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, нидерландылық Таллон Грикспор.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Президент кубогінде Григорий Ломакиннің алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ 16 жастағы Әмір Омарханов Президент кубогін жеңіспен бастады.

Соңғы жаңалықтар