Қазақстандық теннисшілер қатысқан Доха турнирінің жеңімпазы анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер арасында Доха (Қатар) WTA 1000 турнирі мәресіне жетті. Аталған жарыс биыл күтпеген нәтижелермен ерекшеленді.

Әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко екінші айналымда-ақ ресейлік Екатерина Александровадан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.
Осыған дейін Дохада үш жыл қатарынан жеңімпаз атанған әлемнің 2-ракеткасы, поляк қызы Ига Швентек жартылай финалда рейтингіде 37-орындағы латвиялық Елена Остапенкоға жол берді.
Е.Остапенко соңғы бәсекеде әлемнің 41-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимовадан 4:6, 3:6 есебімен ұтылды.
Осылайша, А.Анисимова 2001 жылы Доха турнирі ұйымдастырылғаннан бері чемпион болған ең рейтингісі төмен теннисші атанды. Бұл – оның WTA 1000 деңгейіндегі алғашқы титулы. Бұған дейін америкалық спортшы 2019 жылы Богота, 2022 жылы Мельбурн WTA 250 додасында топ жарған.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина осы жарыстың ширек финалында И.Швентекке есе жіберді. Ал Юлия Путинцева екінші айналымда чехиялық Линда Носковадан өте алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың алғаш рет жұптық сында челленджер турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.