Қазақстандық теннисшілер Уимблдон турнирінде жеңіліссіз келеді
ЛОНДОН. KAZINFORM – Қазақстандықтар Бейбіт Жұқаев, Тимофей Скатов және Зарина Дияс Уимблдон турнирі іріктеу сайыстарының финалына өтті.

Дүниежүзілік рейтингіде 208-орында тұрған Бейбіт Жұқаев әлемнің 127-ракеткасы, сербиялық Хамад Меджедовичті жарыс жолынан тайдырды.
Қазақстандық теннисші бірінші сетте 6:7 (3:7) есе жібергенімен, камбэк жасай білді – 7:5, 6:4. Екі сағат 21 минутқа созылған тартысты матчта Бейбіт эйс санын 27-ге жеткізіп, 4 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Меджедович 25 эйспен көзге түсті.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 229-ракеткасы Тимофей Скатов рейтингіде өзінен 100 саты жоғары тұрған словакиялық Лукас Клейнді қапы қалдырды – 7:6 (10:8), 7:6 (7:5). Екі сағат 17 минуттық бәсеке барысында Скатов 3, Клейн 10 эйспен ерекшеленді.
Іріктеу сайыстарының финалында Бейбіт Жұқаев әлемнің 223-ракеткасы, франциялық Кентен Галимен, Тимофей Скатов рейтингіде 111-орындағы Чили өкілі Кристиан Гаринмен шеберлік байқасады.
Әйелдер арасында рейтингіде 967-орындағы Зарина Дияс сенсация жасап, әлемнің 138-ракеткасы, америкалық Сачия Викериді жеңіп кетті – 3:6, 7:5, 7:5. Екі сағат 15 минуттан тұрған ойында Зарина 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Викери 6 эйс, 7 брейкті (13 брейк-пойнт) өз есебіне жазды.
Зарина Дияс іріктеу кезеңінің финалында әлемнің 92-ракеткасы, қытайлық Чжосюань Бай немесе рейтингіде 194-сатыдағы таиландтық Ланлана Тарарудидің қай жеңгенімен таласады.
Уимблдонның іріктеу жарысының финалына сүрінбей жеткен қазақстандықтар келесі қарсыластарын жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.
Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик Истбурн (Ұлыбритания) ATP 250 турнирінің екінші айналымында күтпеген жерде рейтингіде 81-орындағы аустралиялық Александар Вукичтен 4:6, 4:6 есебімен жеңіліп, ширек финалға шыға алмай қалды.
Сонымен қатар рейтингіде 58-орында тұрған Александр Шевченко Мальорка (Испания) ATP 250 додасының екінші айналымында чилилік, әлемнің 24-ракеткасы Алехандро Табилодан жеңіліс тапты – 3:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Уимблдонда Кукушкин мен Евсеев іріктеу сайыстарының финалына шықты.