Қазақстандық төлқұжат жаңартылды: ескі паспортты не істеу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтардың төлқұжатында жаңа қорғаныс элементі, яғни қар барысының суреті пайда болды. Осы орайда азаматтар ескі төлқұжатты ауыстыруы керек пе? Бұл сауалға Ішкі істер министрлігі жауап берді.

паспорт
Фото: Kazinform

— Қосымша қорғаныс элементімен жаңа үлгідегі төлқұжат шығару қолданыстағы ескі төлқұжаттарды жаппай ауыстыруды көздемейді, яғни ауыстыру міндетті емес. Жаңа үлгі енгізілгенге дейін берілген төлқұжаттар (жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, бүлінген, жоғалған немесе иесінің мәртебесіне сәйкес келмейтін жағдайды қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күшін сақтайды, — деп хабарлады министрлік.

Қар барысының бейнесі бар төлқұжаттар биыл 3 шілдеден бастап беріле бастады. 

2025 жылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша, жаңа қорғаныс элементімен 88 136 төлқұжат дайындалып, оның 55 882-сі азаматтарға берілген.

Бірнеше күн бұрын қазақстандықтардың төлқұжатында жаңа қорғау элементі пайда болатыны туралы жазған едік. 

Еске сала кетсек, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында «төлқұжатымыздың абырой-беделінің көтерілуі еліміздің ықпалы күшейе түскенін көрсетеді», — деген еді. 

Соңғы жаңалықтар