Қазақстандық үстел теннисшілері Ташкенттегі WTT Feeder турнирінде күміс жүлде жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасының өкілдері Кирилл Герасименко мен Искендер Харки Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен WTT Feeder халықаралық турнирінде күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Ұлттық олимпиада комитеті.
Қазақстандық спортшылар ерлер арасындағы жұптық сында финалға дейін сәтті өнер көрсетті.
Турнир барысында Кирилл Герасименко мен Искендер Харки Франция өкілдері Эстебан Дорр мен Флориан Буррассоны 3:2 есебімен жеңді. Кейін Өзбекстанның Шохрух Искандаров пен Кутбидилло Тешабоев жұбынан 3:0 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда олар Ресей теннисшілері Денис Ивонин мен Никита Артёменконы 3:1 есебімен ұтты.
Финалда қазақстандықтар Ресей құрамасының өкілдері Максим Гребнев пен Лев Кацманға 0:3 есебімен есе жіберіп, турнирдің күміс жүлдесін еншіледі.
Осыған дейін семсерлесуден Қазақстан ерлер командасы әлем чемпионатының финалына шығып, тарихи нәтиже тіркегені туралы жаздық.