Қазақстандық вайнер Мейіржан Төребаев бостандыққа шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Танымал қазақстандық блогер және вайнер Мейіржан Төребаев жазасын өтеп, үйіне оралғанын хабарлады. 

Қазақстандық вайнер Мейіржан Төребаев бостандыққа шықты
Фото: Facebook/Мейржан Туребаев

Ол Instagram-дағы парақшасында жақындарымен қауышқан фотоларды жариялады. 

Кадрлардан отбасының оны ерекше ықыласпен күтіп алғанын, тіпті «Үйіңе оралуыңмен!» деген жазуы бар хаттарды да көруге болады. 

Вайнер бұл жаңалығын желідегі жазбасында да хабарлады.

– Өз махаббатыңды өзгелерге сыйлай білу, ең қарапайым ұсақ-түйектің өзінен бақыт пен ләззат таба алу – үлкен қасиет, - деп жазды Төребаев.

Бұл жаңалық желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Оқырмандар ақ тілектерін жаудырып, қолдау білдірді.

Айта кетейік, 2023 жылдың маусым айында Алматыда «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасына қатысты сот үкімі шыққан болатын.

Сол кезде сот 12 адамды, соның ішінде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты кінәлі деп танып, оларды 5 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Бұған дейін, 2025 жылдың 3 шілдесінде Мейірхан Шерниязовтың да бостандыққа шыққаны белгілі болған еді.

Соңғы жаңалықтар