Қазақстандық жас ғалымдарға халықаралық тағылымдамадан өту жолдары түсіндірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласында XII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік «Уран және сирек металдар өнеркәсібін дамыту» конференциясы аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің «Қазақстан ғылымын дамытудағы жас ғалымдардың рөлі: өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы дөңгелек үстелі өтті. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мәлім етті.
Кездесуде негізгі спикерлердің бірі ретінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ стратегия жөніндегі басқарушы директоры Жапаков Ильяс Асылбекұлы сөз сөйлеп, қазақстандық жас ғалымдарға арналған халықаралық ғылыми тағылымдамалар мен «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін таныстырды.
Іс-шара отандық ғылыми қауымдастық өкілдерін, жас зерттеушілерді, сарапшыларды және ғылыми ұйым басшыларын бір алаңға жинап, Қазақстан ғылымын дамыту перспективаларын, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту және жас ғалымдарды қолдау тетіктерін талқылауға арналды.
Дөңгелек үстел модераторы ретінде Өмірғали Арманбек Қасымұлы — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD дәрежесінің иегері қатысты. Сонымен қатар талқылауға ғылыми және білім беру ұйымдарының, зерттеу орталықтарының және халықаралық жобалардың өкілдері қатысты.
Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ стратегия жөніндегі басқарушы директоры Ильяс Жапаков «Ғылыми тағылымдамалар және „Болашақ“ халықаралық стипендиясы: Қазақстанның жас ғалымдары үшін басымдықтар мен перспективалар» тақырыбында баяндама жасады.
Өз сөзінде ол жас ғалымдарды қолдаудың қолданыстағы тетіктерін, әлемнің жетекші ғылыми және білім беру орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін, сондай-ақ халықаралық ғылыми әріптестікті дамыту бағыттарын кеңінен атап өтті. Сонымен бірге «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасындағы жаңартулар, шетелдік ұйымдармен тікелей байланыс орнату және конкурстық іріктеу үдерісінің ерекшеліктері жөнінде ақпарат берілді.
Сондай-ақ қатысушыларға үміткерлерге қойылатын талаптар, қажетті құжаттар тізімі және тағылымдамадан өтуге дайындық кезеңдері түсіндірілді. Бұдан бөлек, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында кәсіби тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берілетін мамандар санаты да таныстырылды.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасына шамамен 1,2 мың қазақстандық ғалым қатысып, әлемнің жетекші ғылыми және білім беру орталықтарында тәжірибеден өткен.
Жиынға қатысушылар халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың кеңеюі мен тағылымдама бағдарламаларының дамуы жас ғалымдардың кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Michigan State University академиялық ынтымақтастықты кеңейтетінін жаздық.