Қазақстандық жас теннисші халықаралық турнирдің абсолютті чемпионы атанды

Қазақстандық теннисші Полина Слепцова Шымкентте өтіп жатқан 18 жасқа дейінгілер арасындағы ITF Juniors J100 турнирінің абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

шымкент теннис
Фото: Қазақстан теннис федерациясынан

Алматы теннис мектебінің түлегі П.Слепцова жекелей сында финалда отандасы Әдемі Аманкелдіні 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Жарыс барысында Полина қарсыластарына бірде-бір сет берген жоқ.

Жұптық сында ол Ә.Аманкелдімен бірге Анастасия Крымкова - Сәтима Төрегеннен басым түсті, есеп – 4:6, 6:4, 10:7.

Бір апта бұрын Полина Ташкентте дәл осындай жарыста жеңімпаз атанған еді. Соның нәтижесінде жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде бірден 131 сатыны артқа тастап, 348-орынға көтерілген болатын. Енді алдағы аптада бұл көрсеткішін одан сайын жақсарта түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның екінші, әлемнің 73-ракеткасы Юлия Путинцева Бейжің WTA 1000 турниріне жолдама алғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар