Қазақстандық жастарға өз стартаптарын құрып, әлемдік нарыққа шығу ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада HackAlem AI халықаралық хакатоны басталды. Іс-шараның ашылуында Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев жастарды технология саласында өз компанияларын құрып, әлемдік нарыққа шығуға шақырды.
Министрдің айтуынша, қазақстандық мамандар Кремний алқабының тәжірибесін зерттеуі керек. Алайда түпкі мақсат шетелге кету немесе ірі компанияға жұмысқа орналасумен шектелмеуі тиіс.
— Кремний алқабының тәжірибесін зерттеңіздер. Бірақ біздің мақсатымыз — жаһандық компанияларды осында құрып, Қазақстан экономикасын және Alatau City-ді дамыту, — деді Жаслан Мадиев.
Ол жастарды мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда жұмыс істеуді басты мақсат етпей, өз компаниясын құрып, жаңа жұмыс орындарын ашуға шақырды.
Мадиевтің сөзінше, бүгінде Қазақстанда технологиялық жобаларды дамытуға қажетті орта қалыптасып келеді. Соның бірі — alem.ai орталығы. Мұнда білім беру, зерттеу жүргізу және стартаптарды қолдау бағыттары бір жерде тоғыстырылған.
— TUMO креативті технологиялар орталығында оқушылар цифрлық және креативті технологияларды меңгерсе, Tomorrow School ересектерге бағдарламалау мен жасанды интеллектіні бастапқы деңгейден тегін үйренуге мүмкіндік береді. Қыркүйекте кәсіпкерлер, инженерлер мен зерттеушілерді біріктіретін Network School жұмысын бастады. Ал 1 қыркүйектен бастап Qazaq AI Research University-де оқу басталды, — деді министр.
Сонымен қоса ол қазақстандық Higgsfield компаниясының жетістігін де мысалға келтірді. Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде елден алғашқы миллиард долларлық стартап шыққаннан кейін басқа да осындай компаниялардың пайда болуына жол ашылады.
— Higgsfield жетістігі Қазақстанда құны 1 миллиард доллардан асатын жаңа стартаптар құруға мүмкіндік бар екенін көрсетті. Әрқайсыңыз AI-кәсіпкер атанып, болашақта осындай компанияның негізін қалай аласыздар, — деді ол.
Жаслан Мадиев стартап құру ұзақ уақытты және бірнеше кезеңнен тұратын қаржыландыруды қажет етуі мүмкін екенін айтты. Сондықтан жобаны бастаған сәттен бастап нарықтағы сұранысты анықтап, өнімнің өз тұтынушысын табуына мән беру қажет.
— Кей жағдайда стартапқа 6-7 кезеңмен инвестиция тартуға тура келеді. Тіпті 100 миллион доллар қаржы тартқаннан кейін де компания дамуын тоқтатпай, технологиясын жетілдіріп, жаңа нарықтарға шығуы тиіс, — деді спикер.
Министр Қазақстанның алдағы жылдары дамытуға басымдық беретін жаңа салаларын да атады. Олардың қатарында жасанды интеллект экономикасы, криптоиндустрия, активтерді токенизациялау, ғарыш саласы бар. Бұл бағытта Alatau City-ге де ерекше мән беріліп отыр.
Сонымен бірге ел критикалық минералдарды тек өндірумен шектелмей, оларды терең өңдеуге басымдық бермек. Қазақстан батарея, чип және жартылай өткізгіш өндірісіндегі жаһандық тізбектен өз орнын алуды көздейді.
— Алдағы 5-10 жылда осы салалар Қазақстан экономикасының жаңа бағыттарын дамытуға елеулі үлес қосуы тиіс. Ол үшін елге инженерлер, әзірлеушілер мен технологиялық кәсіпкерлер қажет, — деді Жаслан Мадиев.
Айта кетейік, бүгін басталған HackAlem AI хакатонына 2500-ден астам адам қатысып жатыр. Олар бес сағат ішінде экономиканың 10 бағытының бірі бойынша жұмыс істейтін жасанды интеллект агентін әзірлеуі керек.
Хакатон финалистері 29 қыркүйекте Demo Day аясында өз жобаларын таныстырады. Жеңімпаздар 1 қазанда AI & Digital Bridge 2026 алаңында марапатталады.