Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық жеңіл атлет Тәжікстандағы халықаралық марафонда қола жүлде иеленді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жеңіл атлет Оразбек Әбдірахманов Тәжікстанда өткен «SEVEN LAKES–2026» халықаралық тау экомарафонында қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.

WhatsApp Image 2026-08-03 at 20.41.49.jpeg
Фото: Оразбек Әбдірахмановтың жеке архивінен

Халықаралық жарысқа әлемнің 18 елінен 200-ден астам спортшы қатысты. Қатысушылар 3, 10 және 21 шақырым қашықтықтарда бақ сынады. 21 шақырымдық жарыста алғашқы екі орынды жарыс қожайындары иеленсе, қазақстандық Оразбек Әбдірахманов мәреге үшінші болып келді.

Оразбек кәсіби түрде жүгірумен небәрі екі жыл бұрын айналыса бастаған. Оның халықаралық деңгейдегі алғашқы жарысы 2024 жылы Өзбекстанда өткен Zaamin Ultra марафоны болды. Сол кезде ол 21 шақырымдық қашықтықта күміс жүлде жеңіп алған.

WhatsApp Image 2026-08-03 at 20.41.50 (1).jpeg
Фото: Оразбек Әбдірахмановтың жеке архивінен

Спортшы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жарыстан алған әсерімен бөлісті.

WhatsApp Image 2026-08-03 at 20.41.50.jpeg
Фото: Оразбек Әбдірахмановтың жеке архивінен

– «SEVEN LAKES–2026» экомарафоны туралы Жетісу облысында өткен «Шаған тау – 2026» турнирінде білдім. Ол жарысқа Тәжікстаннан спортшылар қатысқан еді. Халықаралық додада тәжірибе жинау үшін бақ сынап көруге шешім қабылдадым. Турнир 2026 жылғы 1–2 тамызда Тәжікстанның ең көрікті өңірлерінің бірі – Фан тауларының қақ ортасында орналасқан Жеті көл аймағында өтті. Бұл экомарафон әлемнің көптеген елінен келген спорт сүйер қауымды, туристерді және салауатты өмір салтын қолдаушыларды біріктіреді. Жүлдегерлер қатарына еніп, Қазақстанның намысын халықаралық жарыста абыроймен қорғағаныма қуаныштымын, – деді Оразбек.

Еске салайық, бұған дейін Әзербайжанның Баку қаласында 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталған болатын. Қазақстан құрамасы дүбірлі додада 8 медаль жеңіп алды. Оның екеуі – алтын, екеуі – күміс және төртеуі – қола жүлде.