Қазақстандық жеңіл атлеттер Азия чемпионатына дайындығын бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жеңіл атлеттер 6-8 ақпанда Қытайда өтетін Азия чемпионатына дайындығын бастап кетті.

Қазақстандық жеңіл атлеттер Азия чемпионатына дайындығын бастады
Фото: Владислав Семенов/ҰОК

Ұлттық құрама мүшелері Астана қаласында бүгін жалауын көтерген жеңіл атлетикадан еліміздің қысқы біріншілігінде жасақталады. Дүбірлі дода ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Жеңіл атлетика федерациясы және Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтеді. Онда World Athletics ережесі негізінде жарыстар өткізіледі.

Еліміздің 18 өңірінен келген спортшылар жарыс бағдарламасы бойынша ерлер мен әйелдер арасында жекелей 13 сайыс түрінен сынға түседі. Сондай-ақ 2 эстафеталық жарыста жүлделер сарапқа салынады. 

– Біріншіілкте Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемеи 1 500 және 3 000 метр қашықтыққа жарыс жолына шығады. Олардан бөлек, ұлттық құрама мүшелері де жарысқа қатысады. Нәтижесінде 6-8 ақпанда Қытайда өтетін Азия чемпионаты, наурызда болатын Польшадағы әлем чемпионатына қатысатын құрама мүшелері жасақталады, - деді ұлттық құраманың кеңесші бапкері Александр Апайчев.

Айта кетсек, қараша айында украиналық маман Александр Апайчев ұлттық құрамаға қызметке келген еді.

Соңғы жаңалықтар