Қазақстандықтар қай елдерге саяхаттағанды ұнатады

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы 1 млн-нан астам Қазақстан азаматы шетелге саяхаттаған. Бұл туралы Туристік қамқор қорының директоры Асылхан Есілов айтты.

Тузизм
Фото: Pixabay.com

— 2024 жылы рекордтық көрсеткіш тіркелді, атап айтқанда 1 млн-нан астам қазақстандық шетелге демалуға шыққан. Әдеттегідей алғашқы орында Түркия тұр, екінші орында – Мысыр елі, үшінші орында – Біріккен Араб Әмірлігі. Осы үш ел соңғы бірнеше жыл алдыңғы үштікте тұр. 2023 жылы 847 мың адам, 2022 жылы 769 мың адам шетелге саяхаттаған, - деді ол Jibek Joly арнасындағы «Бүгiн Live» бағдарламасында. 

Сондай-ақ ол елімізде шетелге саяхаттауға аттанған азаматтардың құқығын қорғайтын жаңа жүйе жұмыс істейтінін атап өтті. 

— Қазіргі таңда әуе кемесін жалдаушы 11, тұрақты рейстермен жұмыс істейтін 55 туроператор бар, яғни жалпы саны 66. Туроператорға кепілдік беру жүйесінің екі талабы бар: бірінші – банктік кепілдік, екінші – әр туриске туркод беру міндеті. Өткенде еске алсақ, 2011-2015 жылдар аралығында демалуға барған 20 мыңнан астам қазақстандық шетелде қалып қойған. Ол кезде мемлекет қаражат бөліп, олар елге оралды. Туркод – туристің қауіпсіздік кепілдігі. Біріншіден, туроператор банкротқа ұшыраса, екіншіден, туроператор өз міндетін орындамаса ол күшіне енеді. Солай туристің құқығын қорғауға көмектеседі, - деді Асылхан Есілов. 

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы туризмнің қарқынды дамуына жол ашатын бағыттарды атаған еді. 

Соңғы жаңалықтар