Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандықтар өкпе обырын ерте анықтауға арналған скринингтен өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өкпе обырын ерте анықтауға арналған жаңа скрининг бағдарламасы іске қосылады. Денсаулық сақтау министрлігі оған қатысатын азаматтардың санатын бекітті. 

Қазақстандықтар өкпе обырын ерте анықтауға арналған скринингтен өтеді
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Скринингке 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68 және 70 жасқа толған ерлер мен әйелдер жіберіледі. Олар мына талаптардың біріне сәйкес болуы тиіс:

— бронх пен өкпенің қатерлі ісігі бойынша диспансерлік есепте тұрмауы;
— темекі шегетіндер және темекіні тастағанына 15 жылдан аспаған болуы;
— соңғы 10 жыл ішінде денсаулыққа зиянды өндіріс орындарында жұмыс істеген болуы керек.

Сонымен қатар скринингтік тексерулерді өткізу тәртібі мен мерзімі де жаңартылды.

Ірі елді мекендерде қатерлі ісіктерді ерте анықтауға арналған скрининг тіркелген тұрғындар саны 30 мыңнан асатын емханаларда ұйымдастырылады. Онда скринингтің өту барысын бақылау үшін орталықтандырылған скрининг орталықтары мен call-орталықтар жұмыс істейді.

Сондай-ақ жұмыс берушілер міндетті скринингтен өтуі тиіс қызметкерлерге тексеруден өтуге жағдай жасап, оларды жұмыс уақытында кедергісіз жіберуге міндетті. Бұл кезеңде қызметкердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады.

Тиісті өзгерістер Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 10 шілдедегі № 75 бұйрығымен енгізілді.

Айта кетейік, бұған дейін жұмыскерлердің скринингтен өту тәртібі мен оған қатысты еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер туралы материал жариялаған болатынбыз.