Қазақстандықтар өзін 10 жылға дейін құмар ойындардан шектей алады

АСТАНА. KAZINFORM – Бұрын пайдаланушылар құмар ойындарға қатысуды 6 айдан 12 айға дейін шектеуді таңдай алса, енді бұл мерзімді 10 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі пайда болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Электронды үкіметке сілтеме жасап.

азарт
Коллаж: exclusive.kz/culture.ru/pinterest.com/medium.com

Қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасы арқылы өздеріне құмар ойындар мен бәс тігуге 10 жылға дейін тыйым сала алады. Бұл қызмет лицензияланған ойын алаңдары мен букмекерлік кеңселердің онлайн-платформаларына қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік береді.

Қызмет тек 21 жастан асқан тұлғаларға қолжетімді.

Пайдаланушы өтініш берген соң құмар ойындарға қатысуына тыйым салынған тұлғалар тізіміне автоматты түрде енгізіледі және өтінішті қайтарып алу мүмкіндігі болмайды. Бұған дейін шектеу енгізген азаматтар шектеу мерзімін ұзарта алады.

Өтінішті қайта берген жағдайда жүйе пайдаланушыны шектеудің қазіргі мәртебесі туралы хабардар етіп, оның мерзімін ұзартуды ұсынады. Толық ақпарат eGov.kz сайтында жазылған.

Бұған дейін Қазақстанда құмар ойын бизнесін реттейтін заңға өзгерістер енгізілгенін жазған едік. Жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салу. Картаның офлайн немесе онлайн түрі де жұмыстан босатуға әкеп соғуы мүмкін. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлер арасындағы құмар ойындарға тәуелділікті анықтау әдістемесі әзірленген.

Айта кетсек, өзін құмар ойындардан шектеуге өтініш білдірген қазақстандықтар қатары көбейіп келеді. Сондай-ақ құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленді.

 

 

Соңғы жаңалықтар