Қазақстандықтар шетелдік онлайн саудаға 2 трлн теңгеден астам қаржы жұмсаған
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар шетелдік интернет-дүкендерден тауар сатып алып, цифрлық сервистердің ақысын төлеуге бұрынғыдан да көп қаржы жұмсап жатыр.
Отандық банктер шығарған төлем карталары арқылы елден тыс жерде жасалған қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі тұрақты өсіп келеді.
Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында мұндай операциялардың жалпы көлемі 2,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға көп.
Операциялар саны бұдан да жоғары қарқынмен артқан. Биылғы алғашқы бес айда қазақстандық банк карталарының иелері шетелде 150,6 млн қолма-қол ақшасыз төлем жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 40,4%-ға, ал 2020 жылдың қаңтар–мамырымен салыстырғанда 6,6 есе көп.
Сонымен қатар бір төлемнің орташа сомасы 17,9%-ға азайып, 16,8 мың теңгеден 13,8 мың теңгеге түскен. Салыстырсақ, 2020 жылдың қаңтар–мамырында бұл көрсеткіш 9,1 мың теңгені құраса, ең жоғары деңгей 2023 жылы шамамен 17 мың теңгеге жеткен.
Қаражат қайда жұмсалып жатыр?
Шетелге жасалған төлемдердің басым бөлігі интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жүргізілген. Биыл қаңтар–мамыр айларында осы арналар арқылы 1,3 трлн теңгеге тауар мен қызмет сатып алынған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,8%-ға көп.
Ал POS-терминалдар арқылы жасалған төлемдердің көлемі 4,4%-ға азайып, 689,9 млрд теңгені құраған. Басқа төлем арналары бойынша көрсеткіш те 8,8%-ға төмендеп, 82,8 млрд теңгеге жеткен.
Сарапшылардың айтуынша, шетелдегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсімі негізінен интернет арқылы жасалған сатып алулар есебінен қалыптасқан. Бір жыл ішінде онлайн төлемдердің көлемі 315,8 млрд теңгеге артқан. Ал POS-терминалдар арқылы жүргізілген төлемдер көлемі, керісінше, 32,1 млрд теңгеге азайған.
Бұл қазақстандықтардың шетелдік маркетплейстерден көбірек тауар сатып алып, цифрлық сервистердің ақысын төлеп, түрлі жазылымдар мен мобильді қосымшаларды пайдалануы артқанын көрсетеді. Яғни, шетелдегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсімі қазақстандықтардың шетелге барған кездегі шығыннан емес, Қазақстаннан отырып-ақ шетелдік онлайн платформалар арқылы жасалған сатып алулар мен цифрлық қызметтердің ақысын төлеу көлемінің артуынан қалыптасқан.
Интернет арқылы жасалған төлемдердің саны да айтарлықтай өскен. Қаңтар–мамыр айларында олардың саны 56,2%-ға артып, 115,3 млн операцияға жеткен. Осылайша, шетелде жасалған барлық қолма-қол ақшасыз төлемдердің төрттен үшінен астамы интернет төлемдерінің үлесіне тиесілі болды.
Салыстыру үшін айтсақ, POS-терминалдар арқылы жүргізілген төлемдер саны небәрі 4,9%-ға өсіп, 32,8 млн операцияны құрады.
Нәтижесінде интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жасалған төлемдердің шетелде жасалған қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы көлеміндегі үлесі 62,9%-ға жеткен. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 46,2% болған.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінде «шетелдегі төлем» ұғымы бұрынғыдай азаматтардың басқа елде жүрген кездегі шығынмен ғана шектелмейді. Қазір мұндай айналымның басым бөлігін Қазақстаннан отырып шетелдік интернет алаңдарында жасалған сатып алулар мен цифрлық сервистердің ақысы құрайды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы маркетплейстердің ел экономикасына ықпалы туралы жазған едік.