Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандықтар телемедицина арқылы қай дәрігерлердің кеңесін ала алады

АСТАНА. KAZINFORM – 2023 жылдан бері Қазақстанда 11,8 миллионнан астам қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілді. Оның аясында азаматтар жалпы практика дәрігерінен бастап кардиолог, онколог және психиатрға дейінгі бейінді мамандардың кеңесін ала алады. Бұл туралы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Табаров айтып берді.

дәрігер
Фото: Видеодан алынған скрин

Оның мәліметінше, 2023 жылдан 2026 жылдың алғашқы жартысына дейін республика бойынша барлығы 12 млн-ға жуық қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілген.

– Оның ішінде 2023 жылы – 2 471 869, 2024 жылы – 3 212 965, 2025 жылы – 3 869 007, ал 2026 жылдың алты айында 2 293 096 қызмет көрсетілді. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш тағы шамамен 10%-ға артады деген болжам бар, - деді орталықтың басқарма төрағасының орынбасары Әділет Табаров.

Оның айтуынша, қашықтықтан қандай дәрігердің кеңесі көрсетілетіні пациенттің диагнозына, медициналық көрсетілімдеріне, медициналық ұйымдағы мамандар мен техникалық мүмкіндіктерге, сондай-ақ қолжетімді қызмет түрлеріне байланысты анықталады.

– Қажет болған жағдайда пациенттер телемедицина арқылы кардиолог, эндокринолог, невролог, акушер-гинеколог, психиатр, онколог, оңалту дәрігері және басқа да бейінді мамандардың кеңесін ала алады, - деді спикер.

Сонымен қоса, алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде жалпы практика дәрігері, отбасылық дәрігер, учаскелік терапевт, учаскелік педиатр, орта медицина қызметкері, әлеуметтік қызметкер мен психолог қашықтан консультация жүргізе алатынын атап өтті.

Айта кетейік, елімізде цифрлық технологияларды енгізу жолға қойылғалы бері дәрігерлердің жүктемесі 40% азайған.