Қазақстандықтар төленбей қалған несиелердің ауыртпалығын қалай өтеп жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Несиеге әркімнің бар таласы. Бірақ оны біреу кешіктірмей төлейді. Басқа бір адам төлеуге жағдайы келмей, орта жолда қалдырады. Бір қарағанда, бұл несие берген банк пен төлей алмай жатқан борышкердің ғана проблемасы сияқты көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, елдегі әрбір төленбей қалған несие болашақта берілетін бүкіл несиелердің құнына әсер етеді. Бүгінгі материалда осы мәселені ашып тарқатамыз.
Төленбеген несие банкке қалай шығын болады?
Қазақстандағы банктер халыққа несие беру үшін ақшаны Ұлттық банктен алады. Қарыз алушылардың бірнешеуі несиесін қайтармаған кезде банк Ұлттық банк алдындағы берешегін толық қайтара алмай қалуы мүмкін. Мұндай ықтимал шығынды жабу үшін банктер резерв ұстауға міндеттелген.
1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан банктеріндегі халық кредиттерінің жалпы көлемі 26,1 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 90 күннен астам мерзімі өткен проблемалық кредиттер 1,9 трлн теңге болды. Бұл қарыздардың 60,7%-ы осы резерв есебінен жабылған. Демек, проблемалық кредиттің қаржылық салмағы банктің өзіне түсетін сияқты көрінеді. Алайда банк кредит берген кезде тек бүгінгі шығынды емес, болашақта қарыздың бір бөлігі қайтпай қалуы мүмкін екенін де алдын ала есептейді. Осылайша қайтпай қалған несиелердің ауыртпалығы жалғыз банктің мәселесі болудан қалады.
Кредиттік тәуекелдің бағасы несие құнын қалай құбылтады?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие мөлшерлемесін қалыптастыру кезінде төрт нарықтық фактор ескерілетінін көрсеткен. Олар – қорландыру құны, операциялық шығыстар, кредиттік тәуекелдер деңгейі және банктің пайыздық маржасы. Бірақ ешбір құжатта ЖТСМ ішінде «проблемалық кредиттердің шығыны – 10%» немесе «кредиттік тәуекел – 15%» деген жеке бекітілген бап жоқ. Оның нақты пайыздық үлесі заңда көрсетілмейді. Банктер оны өз есептеулеріне сүйене отырып, реттеуші орган бекіткен шектерден асырмай белгілейді.
Қаржы сарапшысы Жалғасбек Ақболат банктер несиенің бір бөлігі қайтпай жатса да шығын шекпейтінін айтады.
– Несиенің пайызы қалай қалыптасады дегенге келсек, бірнеше этап бар. Мысалы, көшелерде жарнамасы ілініп тұратын номиналды пайыз деген бар. Оның ішіне кіретін болсақ, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі бар. Ешбір банк одан төмен пайызбен ақша ала алмайды. Бұл – екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банктен ақша алатын пайызы. Одан кейін Default risk дейтін бар. Банктер беріліп жатқан несиенің ішінде неше пайызы төленбейтініне есеп жүргізеді.
Несиені алып, «мемлекет өзі төлеп береді» деген түсінікпен төлемей қоятындар бар. Менің бакалаврдағы зерттеу жұмысым осы кешіктірілген несие жайында болған. Практикадан өткенде де сондай жерлерде жұмыс істеп көрдім. Ол жақта өте қиын. Алған несиелердің кем дегенде 10 пайызы қайтпайды. Мысалы, мамыр айында қазақстандықтардың мойнындағы қарыз 24 трлн теңге болса, соның 2,4 трлн теңгесі қайтпайды деген сөз. Ал оның жүктемесін сенің несиеңе салып береді. Банк ешқандай жағдайда ұтылмайды. Келесі алған адамдар соны төлеп жатыр деуге болады. Сонда сенің алған несиеңді қайтармауың басқаларға салмақ болады. Төлемей кеткен қарызыңды қасыңыздағы досыңыздың, туысыңыздың алатын несиесінің пайызына отырғызады. Қысқартып айтсақ, төленбей жатқан несиелерді басқаларға пайыздық үстеме етіп шашады, – дейді қаржыгер.
Бұл тәжірибе әлемде қалай жұмыс істейді?
АҚШ-та тәуекелге қарай баға белгілеу (risk-based pricing) кеңінен қолданылады. Басқаша айтсақ, несие пайызы алушының қайтару ықтималдығына қарай сараланып белгіленеді. Қарыз алушының төлемеу ықтималдығы жоғары болса, кредиттің бағасы да жоғары болуы мүмкін. Мұнда тәуекел нақты қарыз алушының кредит қабілетіне жүктеледі.
Ұлыбританияда банктер тәуекелді тек пайыз арқылы басқармайды. Кредит картасын бергенде тәуекелі жоғары клиенттерге кредит лимитін төмендетіп ұсынады. Ал қысқа мерзімді payday loan сегментінде кредиттің бағасына тікелей шектеу қойылған: бастапқы құн, кешіктірілген төлемдер және кредиттің бүкіл мерзіміндегі жалпы шығын бойынша лимиттер бар.
Еуропалық одақта кредитор қарыз алушының төлем қабілетін бағалауға міндетті. Сонымен қатар тұтынушылық кредиттің пайыздық мөлшерлемесіне, ЖТСМ-іне немесе кредиттің жалпы құнына шектеу қоюға мүмкіндік беретін реттеу тетіктері бар. Демек, банк тәуекелін есепке ала алады, бірақ кредит құнын шексіз көтере алмайды.
Ал ислам банкингте модель мүлде өзгеше. Пайызға негізделген кредиттеу қолданылмайтындықтан, төлемеу тәуекелін мерзімі өткен қарызға пайыз қосу арқылы өтеу мүмкін емес. Оның орнына кепіл, тәуекелді бөлу және қаржыландырудың өзге шарттары пайдаланылады. Мысалы, бұл тәуекел несиеге алатын тауар құнына алдын ала қосылуы мүмкін.
Қазақстанның беталысы Еуропалық Одақтың тәжірибесіне ұқсайды. 2024 жылдың 20 тамызынан бастап елде несие мөлшерлемелері Еуроодақ моделінен төмендетілген. Нақты айтсақ:
- 45 күнге дейінгі мерзімге 45 АЕК-ке дейінгі сомамен берілген микрокредиттер бойынша күнделікті номиналды мөлшерлеменің шекті мөлшерін 1%-дан 0,3%-ға дейін;
- банктердің кепілсіз кредиттері бойынша шекті ЖТСМ-ді 56%-дан 46%-ға дейін;
- кепілді кредиттер бойынша 40%-дан 35%-ға дейін;
- микроқаржы ұйымдарының классикалық микрокредиттері бойынша ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді.
Банк тәуекелін есепке алғанымен, кредит құнын шексіз көтере алмайды.
Ресми статистика бойынша 1 шілдеде халықтың банктердегі кредит портфелі 25,8 трлн теңге, оның ішінде тұтынушылық қарыз 17,3 трлн теңге болған. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, 2025 жылдың қазанында елдегі тұтынушылық кредиттің жылдық өсімі 25%-ға жеткен. ХВҚ мұндай жоғары қарқын үй шаруашылықтарының қарыз жүктемесіне алаңдаушылық білдіріп, 2026 жылғы маусымда халыққа берілетін кредит өсімінің баяулағанын атап өтті. Бірақ қаржы тұрақтылығын сақтау үшін халықтың шамадан тыс қарыздану тәуекелдерін бақылай түсу маңызды екенін айтты.