Қазақстандықтар жеке куәлікті онлайн ауыстыра алады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тағы бір мемлекеттік қызметті онлайн форматта алу мүмкіндігі туындады.

Жаңа қызмет туралы Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті бірлескен бұйрықты жариялады.
Бұйрықта мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мақсатында пилоттық жоба іске қосылатыны айтылған, яғни жеке куәліктерді онлайн форматта рәсімдеу мүмкіндігі.
Жеке куәлікті онлайн қалай рәсімдеуге болады:
— Жаңа құжатты электрондық үкімет порталында немесе eGov Mobile қосымшасында рәсімдеуге болады, егер жеке куәлігіңіздің жарамдылық мерзімі аяқталған болса;
— Жеке куәлікті рәсімдеу үшін электрондық үкімет порталында немесе eGov Mobile қосымшасында өтінім толтырып, оны ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) көмегімен қол қою қажет;
— Көрсетілген форматқа сай фото түсіріп, өтінімге тіркеу керек;
— Уәкілетті орган өтінімді тексереді, яғни тіркелген мекенжайды, жеке куәліктің мерзімін және тіркелген фотоны;
— Егер тексеріс сәтті өтсе, мемлекеттік баж салығын төлеу қажет;
— Қызмет көрсету нәтижесі бойынша хабарлама жіберіледі;
— Дайын жеке куәлікті Халыққа қызмет көрсету орталығынан алады.
Қос министрліктің бірлескен бұйрығы 28 мамырда күшіне енді және 2026 жылғы 31 наурызға дейін қолданыста болады.
Бұған дейін жеке куәлікті ауыстыру толығымен онлайн форматқа көшірілетіні туралы жазған едік.