Қазақстандықтар жылқы етін тұтыну бойынша рекорд жаңартты

АСТАНА. KAZINFORM – Былтырғы төртінші тоқсанда Қазақстанда бір адамға шаққандағы жылқы етін тұтыну көлемі 2,35 кг болды. Бұл – соңғы 15 жылдағы кез келген тоқсан бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды DATA HUB.

конина
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Ұлттық статистика бюросының іріктемелі сауалнамасы негізінде жүргізілген есептеулерге сәйкес, бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ға артқан.

Сарапшылардың мәліметінше, жылқы етін тұтыну маусымдық сипатқа ие. Әдетте ең жоғары көрсеткіштер жылдың ең суық кезеңдері – бірінші және төртінші тоқсандарға келеді. Соңғы төрт жылда тарихи рекордтар дәл қазан-желтоқсан айларында жаңарып отыр.

IV тоқсанда жан басына шаққандағы жылқы еті тұтыну өсімі жалпы ет және ет өнімдерін тұтыну қарқынынан әлдеқайда жоғары болды. Жалпы ет тұтыну жылдық есепте небәрі 0,6%-ға өсіп, бір адамға шаққанда орта есеппен 21,96 кг болды.

2025 жылдың қорытындысында бір қазақстандық орта есеппен 7,63 кг жылқы етін тұтынған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға көп және кемінде соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгей. Жалпы ет тұтыну көлемі де рекордтық көрсеткішке жетіп, бір адамға 84,4 кг болды. Алайда өсім қарқыны салыстырмалы түрде төмен – 1,9%.

Бұл деректер қазақстандықтардың ет рационының құрылымы өзгеріп жатқанын көрсетеді. 2025 жылы жылқы етінің үлесі жалпы ет тұтынудың 9%-ына жетіп, бір жылда 0,5 пайыздық тармаққа артты.

Ал басқа ет түрлерінің үлесі азайған:
– сиыр еті – 0,9 п.т. төмендеп, 30% болды
– қой еті – 0,4 п.т. төмендеп, 6% болды
– шошқа еті – 0,2%-ға азайып, 3,8% болды

Сонымен қатар тауық етінің үлесі аздап өсіп, 6,6%-ға жетті (+0,1 п.т.).

Мамандардың пікірінше, тұтыну құрылымындағы өзгерістер бағаның өсуімен байланысты болуы мүмкін. 2025 жылы сиыр еті 32,1%-ға, қой еті 28,8%-ға қымбаттаған. Ал жылқы еті 17,3%-ға, құс еті 10,7%-ға ғана өскен.

Бұған дейін Kazinform Қазақстан қалаларындағы жылқы етінің бағасына талдау жасаған болатын.