Қазақстандықтардың 9,3 пайызында жалғыз жақын досы бар — сауалнама

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Забирова «Қазақстандықтардың достық байланыстары қаншалықты берік» деген сұраққа жауап іздеген сауалнаманың қорытындысын жариялады.

достар, балалар
Фото: pixabay.com

Сіз тығыз қарым-қатынас жасайтын және өзіңіз үшін маңызды мәселелер туралы ашық сөйлесе алатын қанша досыңыз бар? Сауалнамаға тартылған адамдарға әуелі осындай сұрақ қойылған. 
Респонденттердің 68,5%-ы 2-ден 9-ға дейін досы бар екенін айтқан.

— Бұл — достық байланыстардың жеткілікті кең әрі белсенді екенін көрсетеді, — деп жазады ғалым.

достық
Инфографика: ҚСЗИ

Бұлардың ішінде 31,6% респондент 3-4 жақын досы бар екенін мәлім еткен. Ал 35,2% респондент жақын араласатын досының саны 5-тен асатынын көрсеткен.

— 10-нан көп досы бар респонденттер көбінесе Түркістан, Қызылорда және Атырау облыстарынан. 5 пен 9 аралығында досы бар респонденттердің басым бөлігі Астана, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында жиі кездеседі, — дейді зерттеуші.

Респонденттердің 5,7%-ы мүлде жақын досы жоқ екенін айтса, тағы 9,3%-ы жалғыз дос бар екенін мәлімдеген. 

— Бұл — алаңдатарлық, бірақ дабыл қағарлық деңгей емес. Мысалы, АҚШ немесе Жапония секілді елдерде жалғыздық жағдайы әлдеқайда жиі кездеседі. Дегенмен, 0-1 ғана жақын досы бар 15% респонденттің болуы әлеуметтік оқшаулану, әлсіз әлеуметтік бірігу немесе әлеуметтік байланыстардың үзілуі сияқты үрдістердің бар екенін көрсетеді. Бұл әсіресе осал топтар — егде жастағылар, мигранттар мен жұмыссыздар арасында өзекті. Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстарының тұрғындары көбіне бір ғана досы бар екенін көрсеткен. Ал мүлде досы жоқ респонденттер көбіне Жетісу, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында кездеседі, — дейді Айгүл Забирова.

достық
Инфографика: ҚСЗИ

Сұралғандардың шамамен үштен бірі (28,9%) 3-4 досымен айына кемінде бір рет кездеседі (Шымкент, Ақмола және Павлодар облыстарының тұрғындары). Ал 20,1% респондент айына кемінде бір рет 5-9 досымен кездеседі (Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Абай және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары).

Сұралғандардың 15%-ы 5-9 досының қолдауына сенім артса (Шымкент, Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындары), 14%-ы 10 және одан көп досынан қолдау сезінетінін айтқан.

достық
Инфографика: ҚСЗИ

Респонденттердің 31%-ы 3-4 досынан көмек сұрай алатынын, (көбінесе бұл Шымкент, Астана және Алматы қалаларының тұрғындары), 20%-ы көмек сұрап жүгінетін екі-ақ досы бар екенін көрсеткен (Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласы), 11%-ы сенім артатын жалғыз досы бар екенін мойындаған (көбінесе Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Абай және Жетісу облыстарының тұрғындары. Сондай-ақ, 8,7% респондент көмек сұрай алатын бір де бір досы жоқ екенін растаған (жалғыздықты ең көп сезінетіндер — Жетісу, Ұлытау, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының тұрғындары).

Бұған дейін Астанада Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достық аллеясы ашылғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар