Қазақстандықтардың үштен екісі қайырымдылық шараларына атсалысады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың басым бөлігі соңғы бір жыл ішінде қайырымдылық көмек көрсеткен. Бұл туралы Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу нәтижесінде айтылды.
Сауалнама қорытындысына сәйкес, респонденттердің шамамен үштен екісі соңғы 12 айда қайырымдылыққа қатысқанын мәлімдеген. Ал 28,8%-ы қайырымдылықпен айналыспағанын көрсеткен.
Зерттеу деректеріне қарағанда, қазақстандықтар көбіне нақты мұқтаж адамдарға тікелей көмек көрсетуді жөн көреді.
Атап айтқанда:
– 32,8% мұқтаж жандарға қаржылай көмек аударады;
– 32,2% азық-түлік пен қажетті заттар береді;
– 17,3% діни ұйымдарға ақша аударады;
– 14,1% қайырымдылық ұйымдарына азық-түлік пен заттай көмек көрсетеді;
– 10,3% коммерциялық емес ұйымдарға, қайырымдылық қорларына және балалар үйлеріне қаржы бөледі;
– 2,3% қайырымдылық шараларына жарна арқылы қатысады.
Зерттеу авторларының айтуынша, қазақстандықтар көбіне көмекті тікелей мұқтаж адамдарға жеткізуге бейім.
Сауалнама «Волонтерлік және қайырымдылық азаматтық белсенділіктің нысандары ретінде және оның аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға әсері» тақырыбында жүргізілген.
Зерттеуге 1200 респондент қатысқан. Респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдай алғандықтан, жауаптардың жалпы жиынтығы 100%-ға тең емес.
Айта кетейік, Димаштың жанкүйерлері әлемді қайырымдылық акциясымен таңғалдырды.