Қазақстандықтарға электронды кітапхана қолжетімді болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогы — еліміздегі кітапханалар қоры туралы библиографиялық мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурс.

Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы бұйрығымен Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогын пайдалану қағидалары бекітілді.
Қазақстан кітапханаларының жинақталған электрондық каталогын құру және жүргізу мемлекеттік ақпараттық жүйе, яғни «Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана» (ҚазҰЭК) платформасында жүзеге асырылады. Жиынтық электрондық каталог жеке және заңды тұлғаларға анықтамалық-библиографиялық қызмет көрсетуге арналған.
Республика кітапханалары қорының библиографиялық мәліметтері баспа және қолжазба құжаттарды, сондай-ақ графикалық және аудиовизуалды материалдарды іздеу мақсатында сәйкестендіруге мүмкіндік беретін ақпараттарды қамтиды.
Жиынтық электрондық каталогты пайдалану «Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана» мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуден өтіп, пайдаланушы авторизациядан өткеннен кейін жүзеге асырылады. Каталогта іздеу тегін жүргізіледі.
— Республика кітапханалары қорлары туралы библиографиялық мәліметтерді іздеу құжаттың тілі бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, пайдаланушыларға құжатты қор иесінің орналасқан жері бойынша таңдау мүмкіндігі беріледі. Іздеу кітап басылымдарының міндетті шығу деректері элементтері мен тақырыптық сұраулар бойынша жүргізіледі, — делінген бұйрық мәтінінде.
Бұйрық биыл 19 сәуірден бастап күшіне енеді.
Айта кетсек, жыл басында мемлекеттік кітапханаларда білім беру және мәдени іс-шараларды ақылы өткізу құқығы берілуі мүмкіндігі туралы хабарлаған едік.