«Қазақстанды халифатқа айналдырғысы келгендердің ісін қарау басталды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 16 мамыр, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақстанды халифатқа айналдырғысы келгендердің ісін қарау басталды» - баспасөзге шолу

***

Бүгінде Қазақстанда 188 мыңға жуық фермерлік шаруашылықтар жұмыс істейді. Былтыр олар өз тұтынушыларына 12514 мың тонна дәнді дақыл, 2126 мың тонна картоп өнімдерін ұсынған. Бұған жеке меншік үй шаруашылығынан басқа малдың 70-80 пайызы оларға тиесілі екенін ескерсек, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде, саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті өркендету өзекті міндет болып қала беретіні анық. Алайда, бұл салада әлі күнге дейін шешімін таппаған түйткілді мәселелер жетерлік. Ел экономикасының дамуына лайықты үлес қосуды алғы мақсат санағанымен, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің бұл ойы үлкен қиындықтармен жүзеге асып келе жатқаны жасырын емес. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Қашанғы өгейдің күйін кешеді?» деген тақырыпта кеңінен баяндалған.

Осы басылымның бүгінгі санында Дін істері агенттігі діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының бастығы Айнұр Әбдірәсілқызымен арадағы сұхбат «Қазақ қазба байлыққа ғана емес, жазба байлыққа да бай» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Материалдық мәдениеттің күйреуге бейім екенін дана бабаларымыз ежелден-ақ жақсы білген. Сондықтан қашанда ру­хани әлемін кемелдендіруге күш салған. Пәни тіршіліктен жиған-терген барша даналығын, тағылым-тәжірибесін, тарихын, әдебиетін халқымыз аңыз-әңгімелерге, жыр-дастандарға, мақал-мәтелдерге, шежірелерге, ән-күйге, жер мен судың, тау мен тастың атына айналдырып, ұрпаққа жеткізуге тырысқан. Бейнелі түрде айтсақ, аңыздардың шындыққа қарағанда ғұмыры ұзақ болатынын бабаларымыз қалтқысыз пайымдаған. Сондықтан қазақ даласы абыздар мен аңыздар еліне айналған», - дейді.


***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты кеше «террористік актілерді жүзеге асырмақ болды» деп айып тағылған күдіктілердің ісін қарауға кірісті. Алты адамнан тұратын топқа тағылған басты айып: қоғамға қауіп төндіріп, халықтың үрейін алу мақсатында жарылғыш заттар мен қару қолдана отырып жарылыстар әзірлеп, басқа да әрекеттерді жоспарлау. Күдіктілер террорлық топтарға қатысып, дүркін-дүркін лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыру арқылы Қазақстанды халифатқа айналдыруды да көксегенге ұқсайды. «Ақпарат агенттіктерінің жазуынан байқағанымыз, кіл қаракөздерімізден тұратын күдіктілер лаңкестік әрекетке бастан-аяқ әзірленген сыңайлы. Мәселен жарылыс жасауға бел буған топ елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайының, Астана опера және балет театрының сызбаларын қолға түсірген», - деп жазады басылым. Мақала «Қазақстанды халифатқа айналдырғысы келгендердің ісін қарау басталды» деген тақырыппен берілген.

«Қазақстандағы 11 миллионыншы қазақ қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінде дүниеге келді. Кеше 5-ші шақырылған Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 13-інші сессиясында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов жиналған қауымға осындай қуанышты хабар жеткізді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Аз емеспіз, 11 миллион қазақпыз!» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұл сүйінші хабарды өңір басшысына ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов телефон шалып хабарлаған.

***

Ғаламда алтынмен апталып, күміспен қапталған, гауһар тастармен өрнектеліп, алмастан жасалған ескіден қалған әшекейлер көп. Соның ішінде ерекше мәнге ие жәдігерлер де бар. Мәселен, қазақ жерінен табылған «Алтын адам» жай ғана жәдігер емес, ол - ұлт символы іспетті. Ондағы әрбір алтын бөлшегіндегі оюлы өрнектердің өзіндік терең мәні бар. Дәл осылайша әр ұлттың символына айналып үлгерген жауһарлар мен әшекей түрлері әлемде көп болғанымен, біразы алыпсатарлардың қолына түсіп, жоғалып кеткен. Солайша кейбір елдер құнды мұрасын қолдан шығарып алғанға ұқсайды. Бұл жайында тереңірек мағлұмат алғыңыз келсе «Айқын» газетіндегі «Жоғалған жауһарлар» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.