Қазақстандық 135 мың волонтер бір күнде 6 мың тонна қоқыс жинады
Экологиялық бірлестіктер ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен әр аймақта сенбілік өткізді.
Шараға Қазақстан бойынша барлығы 135 073 волонтер атсалысты. Олар 6020 тонна қоқыс жинады. Оның ішінде 1084,49 тонна шыны, 2145,1 тонна пластик, 373,495 тонна резеңке, 407,935 тонна қағаз, 890,24 тонна металл қайта өңдеуге жіберілді.
Жиналған қоқыс көлеміне байланысты көшбасшылар үштігіне Алматы, Павлодар, Ақтөбе облыстары енді.
«Алматы қаласын аралағанда қоқыс былтырғыға қарағанда азырақ екені анықталды. Меніңше, тұрғындардың мәдени деңгейі артып келеді. Қоқысты іріктеп салудың арқасында біз табиғатымызды ластаудан аман алып қаламыз. Осы мақсатта Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы StopMusor кампаниясын бастады», - деді аталмыш қауымдастықтың басқарма төрағасы Айгүл Соловьева.
Одан бөлек, акция қатысушылары 5725 ағаш отырғызды.
Сенбілік кезінде ағаш отырғызу шаралары барлық өңірде өтті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, б ұл, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында берілген орман алқаптарында - 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу тапсырмасын орындауға бағытталған бүкілхалықтық акцияның тек бастамасы.
«Ағаш отырғызу ел бойынша әлі жалғасын табады», - деді ол.
Елімізде науқанды Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы, «Let’s do it, Qazaq Eli», Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы, «Zhasyl Qalqan», сондай-ақ «Stop Musor» жобасы мен #Birge#TazaQazaqstan экологиялық қозғалысының мүшелері ұйымдастырды.
Жыл сайын «World Clean Up Day» ғаламдық акциясына 157 мемлекеттен 18 млн ерікті қатысады. Биыл оларға тек күрекпен, қолғаппен ғана емес, маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып жұмыс істеуге тура келді.