Қазақстандық агроөнеркәсіп саласының келешегі зор - Варшава университетінің докторанды

Бұл туралы Варшава университеті саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультетінің докторанты Жандос Каринбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Меніңше, Жолдауда сөз болған отандық агроөнеркәсіп саласының келешегі зор. Қазіргі кезеңде бірқатар қарқынды дамушы мемлекеттер үшін агроөнеркәсіп кешені экономиканың драйверіне айналғаны шындық. Сондай мемлекеттердің қатарына өзім білім алып жатқан, бүгінде Еуропалық одақ аймағының қарқынды дамушы экономикаларының біріне айналған - Польша мемлекетін жатқызуға болады. Польшаның жылдам дамуына серпін беруші бағыттардың бірі - елдің дәстүрлі ауыл шаруашылығы.
Поляктар ғасырлар бойы жерден несібесін теріп, мал шаруашылығынан пайда көре білген халық екендігі белгілі. Бірақ, соңғы онжылдықта поляк елі аргоөнеркәсіпте «дәстүрлі сапа» мен «технологиялық жаңашылдық» ұғымдарын өзара үйлестіре білді. Аграрлық сала технологияның соңғы жетістіктерімен жарақтандырылып, сала өнімдерін экспортқа шығару бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, Польша ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау саласындағы көшбасшы мемлекеттердің біріне айналды. Мұндай жетістікке поляк кәсіпкерлері саланы технологиялық тұрғыдан жаңғырту, сыртқы нарықтарды, олардың талаптары мен сұраныстарын жіті зерттеу, зерделеу, бір сөзбен айтқанда тұтынушылардың талап-тілектерін ескеру және сол бағыттағы тұрақты жұмыс арқылы қол жеткізді. Польшаның аграрлық сала мамандары елдің ғылыми орталықтарымен өнімнің сапасын арттыру, шығынын азайту және т.б. бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасады. Нәтижесі де жаман емес, бүгінде поляк алмалары, ет және сүт өнімдері тек Еуропа емес, одан тысқары аумақтарда да кеңінен танымал.
Қазіргі таңда халықаралық қауымдастық сапалы, экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылық өнімдерін тұтынуға ниетті. Отандық кәсіпкерлер бұл трендті пайдалана білулері тиіс. Жолдауда айтылған субсидиялар беру, өнімді сақтандыру, тауарларды сақтау мен өткізу, саладағы әртараптандыру қолға алынып, ғылыми орталар мен сала кәсіпкерлерінің бірлескен жұмыстары өзара пайдалы бағытта жүргізілсе отандық агроөнеркәсіп кешені дамитын болады.
Ал мемлекетіміз бүгінгі күні құрылысына қыруар қаражат бөліп, қалыптастырып жатқан транспорттық-логистикалық кешен сала өнімін сыртқы нарықтарға шығаруға жұмыс жасайтын болады. Аталған логистикалық инфрақұрылымды дамыту биылғы жолдауда көтерілген басты тақырыптардың бірі.
Халықаралық сауда ағынында Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Еуропа аймақтарының рөлі аса жоғары. Еуразия құрлығындағы тасымал бағыттары негізінен аталған аймақтар арасында жүретін болады. Қазақстан сынды теңізге тікелей шығатын жолы жоқ, негізінен құрлықтық сипаттағы мемлекет үшін қуатты транзиттік-логистикалық кешенді қалыптастыру стратегиялық маңызды қадам. Бұл ретте Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелігіміз оң ықпалын тигізетін болады.
Халықаралық деңгейдегі күре тамыр тасжолдардың салынуы мемлекетіміз қазынасына түсетін табыспен қатар, жолдың өн бойындағы көлік инфрақұрылымының, қызмет көрсету саласының дамуына сеп болмақ. Ол дегеніңіз қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Ал ішкі жолдардың салынуы өңірлер арасындағы барыс-келістің көлемін ұлғайтып, ішкі дамуға мультипликативтік әсерін тигізбек.
Халқымызда «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» деген мақал бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отыра барша отандастарымызды Елбасының биылғы бастамаларын жаппай қолдауға, басты құндылығымыз - еліміздің мүддесі жолында Жолдауда көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыруда жұмыла еңбектенуге шақырамын.