Қазақстандық әскери-әйелдер БҰҰ миссиясына әскери сарапшы ретінде жіберілуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық нәзікжанды әскерилер БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясының қатарында қызмет етуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарары" атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелде Қорғаныс министрлігі Бас штабы басшысының орынбасары Мұхамеджан Таласов мәлім етті.

Бас штаб өкілінің айтуына қарағанда, қазіргі таңда қазақстандық бітімгершілік бригадада 80-ге тарта әйел қызметкерлер әскери қызметін өткізуде. «Алдағы уақытта БҰҰ бітімгершілік миссиясына әскери-әйелдерді дайындау және бағыттау жөніндегі мәселелерді қарастыру жоспарланады. Қорғаныс министрлігі бітімгершілік қызметті бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау бағытындағы халықаралық міндеттемелерді орындау бөлігіндегі мемлекеттік қорғаныс саясатының маңызды құрамдасы ретінде қарастырады. Соның ішінде БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қарарына сәйкес атқарылатын шаралар аясында бітімгершілік қызметке қатысу маңызды», - деді М. Таласов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні Қазақстанның қарулы күштері БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы және Кот-д-Ивуардағы миссияларына әскери байқаушы ретінде белсенді түрде қатысуда. «БҰҰ миссиясына қатысу үшін 20-дан астам офицерлер даярлықтан өтті, олардың ішінде 5-еуі батыс Сахарада ал екеуі Кот-д-Ивуарда БҰҰ әскери байқаушылары ретінде қызмет етуде. Бұған дейін үш офицер өздерінің миссиясын табысты аяқтап, Батыс Сахарадан елімізге оралған болатын», - деді М. Таласов.

Еске сала кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2000 жылдың 31 қазанында бірауыздан қабылданған қарар әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұңғыш құжат болып табылады. Бұл құжат БҰҰ мүше-мемлекеттерінің барлығы үшін атқарылуы міндетті.

Соңғы жаңалықтар