Қазақстандық ауыр атлеттер Азия чемпионатында өнер көрсетуде
ТАШКЕНТ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Қазақстандық жас спортшылар Ташкентте өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы ауыр атлетикадан І Азия чемпионатында өнер көрсетуде.
Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Леонид Дигайдың айтуынша, теміртаулық Владимир Абрамов (50 келіге дейінгі салмақта) жұлқи көтеруде -85 келі, серпи көтеруде - 95 келі көрсеткішпен бесінші орын иеленді. Ал алматылық Азамат Рымқұлов (56 келі) жұлқи көтеруде -97 келі, серпи көтеруде - 116 келі салмақты бағындырып алтыншы орынды қанағат тұтты. Қызылордалық Ерболат Жоламанов осы салмақта жұлқи көтеруде -96 келі, серпи көтеруде - 120 келі көрсеткішпен бесінші орынға табан тіреді.
Бүгін, сенбі күні 53, 58 және 63 келі салмақ санаттарында қазақстандық спортшы қыздар өнер көрсетеді.
Байрақты бәсекеге әлемнің 24 елінен 200-ден астам спортшы қатысуда. Атап айтқанда, олардың қатарында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Бангладеш, Катар, Корея Халықтық-Демократиялық Республикасы, Малайзия, Сингапур, Сирия, Таиланд және т.д. елдердің өкілдері бар.
Чемпионат сәуірдің 16-сына дейін созылады.