«Қазақстандық БАҚ азшылық топтарды кемсіте ме?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 ақпан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің «Бетбұрыс» атты мақаласы жарық көрді. Мвақалада Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысты мәселелер қозғалған. «Жаңа бағдарламаның мектепке дейінгі және орта білім беру деңгейіндегі атқарылатын міндеттерінің бірі 12 жылдық білімге толығымен көшуді қамтамасыз ету болып табылады. Бұған дейін де талай-талай пікірталастың үлесінде болған бұл мәселе жөнінде Елбасы Н.Назарбаев министрлікке нақты тапсырма беріп, 12 жылдыққа көшуді тапсырған болатын. Біздің ойымызша, ендігі жерде «әрі тарт та бері тартты» қойып, күрмеуі қиын күрделі мәселені шешудің қисыны келіп тұрғанын баса айтқымыз келеді»,-дейді автор мақаласында.
Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі нөмірінде «Затына аты сай болсын» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалада бүгінгі таңдағы қазақ тілінің хал-аһуалы, ономастика саласындағы проблемалар және ұлттық құндылықтарымызды дамыту бағытындағы кең ауқымды мәселелер қамтылған. «Осы күні тіл туралы жабыла жазып, жамырай айтып жатырмыз. Бірақ көбіміздің ісіміз бен сөзімізді таразы басына қойсақ, тең тұрмайды, былқ-сылқ етеді. Неге дейсіз бе, отбасымыз орашолақ, яғни ұлттық рух ала-құла, тіл мүкіс. Оны тәу етер тәуелсіздігімізге 20 жыл таяп қалса да түзей алмай келеміз. Өзімізден көрмейміз, баяғы кеңес дәуіріне, көзге көрінбейтін абстрактілі бір ұғымға теліп, сүттен ақ, судан таза болып жүрген жайымыз бар. Бүгіндері сол орашолақ отбасынан шыққандардың біразы іс басында жүр, түйенің белін қайыстыратындай қызметте де отыр. Әлеуметтік зерттеулерге жүгінсек, үкімет құрамы 98 пайыз өз қаракөз қандастарымыз екен. Оның 80 пайызына жуығының ғылыми атағы бар, яғни оқымысты. Осылай бола тұра, шешілмеген түйіндей, бітпеген істей тіл туралы айтыла береді. Өз тілі туралы өзі сарнай беру де бір түрлі секілді. Оны айтатын тағы өзіміз. Бұл кешегі келмеске кеткен кеңестік кезеңде қазақтың 70 пайызы орыс тіліне жетік болғандығының кесірі ме дейсің. Іргелес жатқан бауырлардың көрсеткішіне көз салсақ, қырғыздар орыс тілін 30-35 пайызы білсе, тәжік пен өзбек 20-25 пайыздан аспапты. Ол дәуірде орыс тілін білмесең біттің, дегенді қазіргі ағылшын тіліндей дәріптеген де өзге емес, өзіміз болдық. Содан да шығар, асылымыз деген ана тіліміздің «көкпаршылар» тақымынан құтылмай жүргені»,- деп жазады мақала авторы.
***
«Қазақстандық БАҚ азшылық топтарды кемсіте ме?». «Айқын» басылымының бүгінгі шыққан апталық нөмірінде осындай тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша елімізде бұрын-соңды қолға алынбаған, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қызық зерттеу жүргізіліпті. Ол - «Қазақстан Республикасындағы азшылық жайында БАҚ-тың хабар тарату сипаты» деп аталады. Сауалнама түрінде алынған зерттеуді жүргізген - MediaNet Халықаралық журналистика орталығы. Зерттеудің негізгі мақсаты - елдегі баспасөз бен телерадиоқұралдары ұлттық, діни және сексуалды азшылық топтар туралы қалай хабар таратады, даулы жағдайларды қандай пікірде жеткізетініне талдау жасау. Сонымен, осы зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша, сауалнамаға қатысқандардың 18 пайызы ғана бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық, діни және сексуалды азшылық туралы объективті және толерантты ақпарат береді деп есептейді екен. Ал қалған сексен пайызы «Қазақстандық БАҚ қақтығысқан тараптардың біреуін жақтап, екіншісін даттауға әуес, арандатушылық тудырады немесе қақтығыс туралы мүлдем жақ ашпайды» деген пікір білдіріпті. Осы мәлімет қаншалықты шындыққа жанасады.
«Статистикалық агенттіктің ресми мәліметтері бойынша 2010 жылғы инфляция 7,8 пайызды құрады. Ал 2009 жылы ол көрсеткіш 6,2 пайыз болған еді. Бағаның күрт көтерілгенін тұрғындардың бәрі дерлік қалтасына түскен салмақ арқылы сезінуде. Тағы да нақты мәліметтерге сүйенсек, 2010 жылы азық-түлік бағасы бір жылдың ішінде 10,1 пайызға өскен. 2009 жылғы көрсеткіш - 3,0 пайыз. Айырма жер мен көктей. Еске сала кетер нәрсе, бұл мәлімет республика бойынша орталық супермаркеттер мен ірі базарлардағы бағаның жиынтығынан ғана құралатын көрсеткіш. Яғни кей аймақтарда баға 10,1 емес, одан да көпке көтерілгені анық», делінген «Айқынның» бүгінгі санындағы «Баға күн сайын шарықтап барады» деген мақалада.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, елдегі бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша шығындардың артқаны байқалған. Бастапқыда 1 990,6 миллиард теңгеге есептелген инвестициялық жобалар сараптай келгенде, жобаға қатысты керек-жарақтардың қымбаттауына байланысты шығыстар бастапқы құнынан 9,1 пайызға артып кеткен. Осыған қарай Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігінің алдында тұрған негізгі міндет - мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттырып, ысырапшылдықты қысқарту екендігін атап көрсетті. Қаржы министрлігінің кешегі өткен алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру - басты міндет» атты мақаладан біле аласыздар.
Сондай-ақ аталмыш «Алаш айнасы» газетінде «Талон дайын емес, жазықсызды жазалау айып емес» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақала авторының жазуынша, 2001 жылдың қаңтар айынан бастап, көлікті техникалық байқаудан өткізу ІІМ құзіретінен алынып, Көлік және коммуникация министрлігіне берілуі тиіс болатын. Алайда Көлік министрлігі жергілікті аймақтарда техникалық байқау орталықтарын ашу үшін, мамандарды оқыту үшін біршама уақыт кеткендігін айтып, техникалық байқауды өз құзіретіне алуды шілдеге дейін қалдырған еді. Соңында бұл мерзімді тағы да созып, енді көлік техникалық байқау аталмыш министрлікке 2012 жылдан бастап, өтетін болды. Ал жүргізушілер қаңтар айынан бастап, көліктерін техникалық байқаудан өткізе алмай отыр. Оған себеп: тендердің кеш өткізілуіне байланысты 2011 жылдың техникалық байқау талондары әлі жасалмаған.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Интелектуальные школы ждут перемен» атты мақала жарық көрді. Онда 2011-1012 жылдар аралығында «Назарбаев зияткерлік мектептері» оқушыларды 7-сыныптан бастап қабылдайтындығы жөнінде айтылады. Бұған себеп арнайы жүргізілген сараптау жұмыстары математика, физика, химия және биология пәндері бойынша балаларды 7-сыныптан бастап таңдаудың тиімді екендігін көрсеткен.