Қазақстандық банктер жарты жылда 355 млрд теңге таза пайда тапқан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл жарты жылда банктердің таза пайдасы 300 млрд теңгеден асты. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық банктер жарты жылда 355 млрд теңге таза пайда тапқан
«2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 16,4 пайыз, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 19,8 пайыз болды. Бұл жүйе бойынша орташа алғанда заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асады», - делінген агенттік мәліметінде.

2022 жылғы қаңтар-маусымда банктердің таза пайдасы 355 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы осы кезеңімен салыстырғанда 46,2 пайызға төмен.

«Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2022 жылғы 1 шілдеде 2,7 пайызды (2021 жылғы 1 шілдеде – 3,2%), капиталдың рентабельділігі (ROE) 21,9 пайызды (2021 жылғы 1 шілдеде – 25,9%) құрады», - деп аталып өткен хабарламада.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 22 екінші деңгейдегі банк бар.