ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Василий Клочков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеңес Одағының Батыры, жиырма сегіз гвардияшы-панфиловшылардың бірі Василий Георгиевич Клочков 1911 жылы 8 наурызда Ресейдің Саратов облысының Воскресенск ауданында туған.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Василий Клочков

Ол 1929 жылы Жұмысшы жастар мектебін КСРО Сауда халкоматының Бүкілодақтық сырттан оқу институтын бітірген. 1929-40 жылдары Ресейдің есеп-қисап мекемелерінде қызмет атқарды. 1940 жылы қыркүйекте Алматыға келіп, Қазақстанның Сауда халкоматында қызмет істеді, Алматы асхана-ресторан тресі басқарушысының орынбасары болды. 1941 жылы маусымда Қызыл Армия қатарына шақырылып, Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы 1075-атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қатысты.

1941 ж. 15 қарашада Германия әскерлері 51 дивизиямен Мәскеуге екінші "негізгі шешуші шабуылды" бастады. Батыс майдан жауынгерлері ауыр ұрыстар жүргізді. Осы майданға кіретін 16-армияның құрамында Алматыда жасақталған генерал-майор И.В. Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы (кейіннен 8-гвардиялық-панфиловшылар дивизиясы) Мәскеу түбіндегі Волоколам тас жолын қорғады. 16-қарашада жау Волоколам бағытында ұрысқа шығып, Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс шебіне шабуыл жасады.

В.Г. Клочков басқарған взвод жауынгерлері - барлығы 28 адам мылтықпен, жанармай құйылған шөлмектермен, гранаталармен қаруланып, жаудың 20 танкісімен 4 сағатқа созылған ұрыс жүргізді. Жаудың 14 танкісі қиратылып, панфиловшылар арасынан да бірнеше адам қаза тапты. Жау ұрысқа тағы 30 танк шығарды. Қазақстандық жауынгерлер соғыс тарихында сирек кездесетін ерлік жасап, жаудың болат құрсанған машиналарына төтеп берді. 28 панфиловшылардың 23-і қазаға ұшырады, бірақ жау танкілері олардың шебінен өте алмады. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков «Россия кең - байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу» ұранын көтерді. Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшылар» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 ж. 21 шілдедегі Жарлығымен бұл жауынгерлердің барлығына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл жоғары атаққа саяси жетекші осы шайқаста ерлікпен қаза тапқан Василий Клочков те ие болды. Ол сондай-ақ 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

Батырлардың есімімен аталатын мектеп, ауыл, аудан, көше, парктер бар. Алматы қаласындағы 28 панфиловшы-гвардияшылар паркінде, Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезінде және батырлардың туған жерінде ескерткіштер орнатылып, мемориалдық мұражай ашылған.