Қазақстандық бишілер 7-ші Бүкіләлемдік би олимпиадасында үздік атанды

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мәскеу қаласында өткен 7-ші Бүкіләлемдік би олимпиадасында Қазақстан намысын қорғаған «Алексей Велижаниннің би театры» бір алтын, екі күміс және бір қола медальмен оралды,

Қазақстандық бишілер 7-ші Бүкіләлемдік би олимпиадасында үздік атанды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәуірдің 29-ы мен мамырдың 9-ы аралығында өткен 7-ші Бүкіләлемдік би олимпиадасына 35 елден бишілер келген. «Қобалжу, бақталастық қатты сезіліп тұрды. Польша, Молдово, Словения ұжымдары, Ресей командаларының өзі қандай биік деңгейде екендігі белгілі. Олардың бишілері үлкен сенімділікпен, арттарында талай бәсекелерден алынған олжалары болды. Сондықтан Қазақстаннан келген, ешкімге белгісіз топтың шеберлік жағынан асып түсетіндерін олар күткен жоқ еді. Жарыс нәтижелері соңына дейін жария етілмеді. Жеңімпаздар соңына дейін белгісіз болып келді. Бірінші орынды Қазақстан иеленгендігін айтқан кезде көпшілігі таң қалысты», дейді «Қазіргі заманғы және спорттық билері федерациясының» президенті, олимпиаданың қазысы Әлия Түсіпбекова.

«Алексей Велижаниннің би театры» «балет» аталымы бойынша қыздар арасында бірінші орынды иеленсе, ерлер арасындағы жарыста күміс алқаны олжалады. Тағы бір күміс медаль «модерн» аталымында алынды. «Би шоуы» аталымының дуэттық сынында да қазақстандық театр өрендері көзге түсіп үшінші орынды жеңіп алды.

«Алексей Велижаниннің би театры» Астанада 5 жыл бұрын құрылған. Аз уақыттың ішінде шеберліктерін шыңдап үлгерген ұжым халықаралық жарыстарда жүлдемен оралып жүр.

«Мықтылардың ішінде Қазақстан үздік деп танылған кезде залдағы барлық адамдар үлкен қошаметпен қарсы алды. Көрермендермен қатар 35 елдің би әртістері тұрып қол шапалақтағанда біз үшін бұдан асқан жоғары мәртебе болған жоқ», дейді театр жетекшісі Алексей Велижанин.