Қазақстандық боксшы Демьяненко 21-інші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат -  Бейсенбі күні кешкілік орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Виталий Демьяненко өзінің кезекті жеңісіне қол жеткізіп, аса тәжірибелі мексикалық Роберто Валенсуэланы тізе бүктірді.

Қазақстандық боксшы Демьяненко 21-інші жеңісіне қол жеткізді

Сөйтіп, қазылардың шешімі бойынша бұған дейін жеңіліп көрмеген жерлесіміз  21-інші рет өзінің мықты екенін дәлелдеді. Бұл туралы  «Астана Спорт» спорттық басылымы Fightnews.com. сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Жекпе-жек АҚШ-тың   Оклахома  штатында «Remington Park Racing Casino»-да өткен болатын.

Демьяненко Валенсуэладан салмағы біршама жеңілдеу болатын. Дегенмен, жерлесіміз бірінші раундта-ақ жекпе-жекті өз ыңғайына айналдырып, ауыр комбинациялар арқылы қарсыласын соққыдан көз аштырмады. Бокс берілген 6 раунд бойы өткенімен, әккі былғары қолғап шебері саналатын  Валенсуэла қазақстандық спортшыға қарсы  ештеңе өндіре алмады, керісінше ол Виталийдің шабуылынан қорғанумен ғана жүрді. Осыған орай қазылардың бәрі бірауыздан 60 - 54 есебімен жеңісті жерлесімізге берген болатын.

«Мен өзімді тежеусіз сезінемін, және алға жүруге дайынмын» - дейді Виталий өзінің промоутерлерінің «Boxing360» сайтында. Сайттың хабарлауынша, қазақстандық боксшы рингке жақын аралықта тағы көтерілетін болады.