Қазақстандық боксшылар Анкарадағы І «Премьер-Министр» халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетті
АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Анкарада жалауын түсірген 1 «Премьер-Министр» халықаралық турнирінде қазақстандық боксшылар 2 алтын, 1 күміс 4 қола медаль олжалады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сәуірдің 6-12 күндері бұл дүбірлі додаға 35 елден 350 спортшы қатысты. Ақтық сында румыниялық былғары қолғап шеберлерімен кездескен Назгүл Боранбаева (48 кг) Дутой Стелутоны 3:1, ал Жұлдыз Маматкұлова (81 кг) Елена Турчинді 4:1 есебімен ұтып, чемпион атанды. Сондай-ақ жарыс қожайыны Гүлсім Татарға (0:3) есе жіберген Саида Хасенова (64 кг) күміс, ал жартылай финалда Серпил Яссикаяға 1:4 есебімен ұтылған Назым Қазыбай (46 кг) қола жүлде алды. Онда Вадим Присяжнюк жаттықтыратын әйелдер құрамасы командалық есепте жарыс қожайындарын ғана алға жіберіп екінші орынға ие болды. Ал Мырзағали Айтжанов баптайтын ерлер құрамасы 3 қоланы қанағат тұтты. Олар - Иван Дычко( +91кг), Рустам Сваев (69 кг) және Мардан Берікбаев (48 кг). Бұл турнирде ел намысын ерлер арасында 9, әйелдер арасында 10 спортшы қорғады. Жалпы Ахмет Корметке арналған ересектер арасындағы бұл турнир бұған дейін Ыстамбұлда өтіп келген болатын. Енді ол жаңа атпен Анкарада өз жалғасын тауып, Ыстамбұлдағы турнир жасөспірімдер арасында өтетін жарысқа айналмақ.