Қазақстандық боксшылардың ІВО рейтингіндегі орындары өзгерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық бокс ұйымы (ІВО) ай сайынғы рейтингінің жаңа нұсқасы жарияланды, деп хабарлайды Sports.kz.

Қазақстандық боксшылардың ІВО рейтингіндегі орындары өзгерді

Оған сәйкес, қазақстандық кей боксшылардың рейтингтегі орындары өзгерді.

Суперауыр салмақтағы Иван Дычко 92-орыннан 94-орынға төмендеді.

Бірінші ауыр салмақ өкілі Бейбіт Шүменов 31-орнын сақтап қалды. Осы дивизиондағы Иса Ақбербаевтың да өткен айдағы 50-ші орны өзгеріссіз қалды.

Жартылай ауыр салмақ санатында Әли Ахмедов 34-орынға шықты. Өткен айда ол рейтингте 36-орында болатын.

Орта салмақ өкілі Мейірім Нұрсұлтанов алты саты жоғарылап, 64-орынға тұрақтады.

Бірінші орта салмақ санатында өнер көрсететін Қанат Ислам бұрынғы тоғызыншы орнын сақтап қалды. Ал Мадияр Әшкеев бұрынғы 99-орнынан 96-орынға көтерілді.

Жартылай орта салмақ өкілі Жанқош Тұраров жеті саты төмен сырғып, 57-орынға тұрақтады. Бахтияр Эюбоевтың да рейтингтегі орны төмендеді. Бір ай бұрын 86-орында болған боксшы қазір 92-орында.

Бірінші жартылай орта салмақта Батыр Жүкембаев үздік отыздықтағы орнын сақтап қалумен қатар, бір саты жоғарылап, 29-орынға шықты. Ал Руслан Мәдиев үш саты көтеріліп, 82-орынға тұрақтады.

Жартылай жеңіл салмақ санатында Бекман Сойлыбаев рейтингтің 50-орнында қалды.