Қазақстандық даму бағытында «жасыл технологиялар» трансферті маңызды рөл атқарады
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан дамуының жаңа кезеңге арналған міндеттерін белгіледі. Негізгі екпін алдағы дағдарысқа қарсы экономикалық жігерді үдету болғанымен, бұл жолы да әлеуметтік мәселелер, халықтың әл-ауқатын жақсарту шараларына баса назар аударылды.
Әлбетте экономика мәселесі терең үдетілген тұста экологиялық талаптардың қазіргі заманға сай жүйесін қамтамасыз етудің ерекшелігі де аса маңызды. Сондықтан да Қазақстан бұған дейін жариялаған Жаһандық энергиялық-экологиялық стратегияны жүзеге асыруды әлі де жалғастыра беретін болады. Бұл ретте Президент жақындағы Жолдауында «Біз «жасыл» технологиялардың трансфертіне бағытталған Астананың «Жасыл көпір» бастамасын жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын боламыз», - деп қадап айтқан еді.
Осы мәселеге кешегі күні Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде өткен алқа мәжілісінде де баса назар аударылған еді.
Үкіметтің жаңарған құрамында Қоршаған ортаны қорғау министрі лауазымына жақында кіріскен ведомство басшысы Нұрлан Қаппаров былтырғы жұмыстарды қорытып, стратегиялық жоспарды орындау шеңберінде қоршаған орта сапасын жақсарту және тұрақтандыру мәселелеріне тоқталып өтті. Мәселен, бұған дейін Мемлекет басшысы Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне басты 10 міндет жүктелсе, олардың бірқатары жүзеге асқан. Ал қазіргі таңда 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасының алғашқы кезеңі жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, экологиялық заңнама базасын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасып, ірі табиғат пайдаланушылармен жұмыс тұрақтанды. Ауаға бөлінетін парниктік газдарды, зиянды қалдықтар мөлшерін азайту мақсатында Қазақстан БҰҰ-ның Еуропа экономикалық конвенциясына қосылды.
«2011 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Аталған заң аясында қалдықтардың көлемін, нарықтық құралдарды енгізу арқылы парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, экологиялық заң бұзушылықтар үшін тартылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге басымдық берілді. Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қарастыруға ұсынылған 371 жобалық құжаттаманың 366-сы келісілсе, 5-уі қарастырылып жатыр», - дейді министр Н. Қаппаров.
Бұдан бөлек, министрлік ауаны ластайтын қалдықтарды азайтуға барынша назар аударып келеді. Соның нәтижесінде 2011 жылға рұқсат етілген шығарындылардың көлемі 3,35 млн. тоннаны, ластаушы заттар төгінділерінің көлемі 2,8 млн. тоннаны құрады. Өткен жылы елдің ірі табиғат пайдаланушылары табиғат қорғау іс-шараларына жоспарланған 116,2 млрд. теңгенің 143 млрд. теңгесін, яғни, 123 пайызын игерді.
Бұған қоса, ірі табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны қорғауға қатысты заң талаптарын сақтау тұрғысындағы жұмыстар күшейтілген. Атап айтқанда, экологиялық заңнаманы сақтау бойынша шаруашылық субъектілеріне 12 мың тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде 9 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 8,3 мың нұсқама берілген. 8,5 мың әкімшілік айыппұл салынса, жалпы сомасы 25 млрд. теңгені құрайтын залалдың орнын толтыру бойынша 1,5 мың талап қойылған. Жалпы алғанда, 2011 жылы мемлекет кірісіне сомасы 18,3 млрд. теңгені құрайтын айыппұл төленген.
Министрліктің жұмыс қорытындысын тыңдап болған соң, жиын соңында сөз алған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов Елбасы Жолдауына назар аудара отырып, министрлік алдына жаңа міндеттер қойды. «Қоршаған ортаны қорғау, оның сапасын тұрақтандыру және жақсарту баршаның ісі. Оған 27 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында аталған қоршаған ортаға өз ықпалын тигізетін «жасыл» технологиялар трансферттері куә», - деді Серік Ахметов.
Бұл ретте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Мемлекет басшысының бұған дейін жүктеген 10 міндетіне тоқтала отырып, министрліктің соның бесеуін жүзеге асырғанын, ендігіде қалған бесеуі ұдайы назарда болуы тиістігін атап өтті. Екінші маңызды мәселе - мұнай секторының кәсіпорындарына ілеспе газды пайдалану бағдарламасын жалғастыру жүктелді. «2010-2014 жылдарға арналған салалық «Жасыл даму» бағдарламасы жүзеге асуда. Экологиялық талаптарды күшейту есебінен және Қазақстанда экологиялық таза технологияларды енгізу шараларынан өнеркәсіптік өндірістің артуы кезінде зиянды заттардың қоршаған ортаға эмиссиясы тұрақтандырылады. Осыған орай, министрлік бағдарламаны жүзеге асыру барысында бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат көздерін тартуы шарт. Ең маңыздысы, Президенттің жақында жариялаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жасыл көпір» бағдарламасына баса мән берілді. Ол бойынша аталған бағдарлама ағымдағы жылғы Бразилияда өтуі жоспарланған БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі конференциясына Қазақстанның қосқан елеулі үлесі болмақ. Бұл ретте Елбасы Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын атқару бағытында Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Жаһандық энергоэкологиялық стратегиядағы және Рио+20 Дүниежүзілік саммитіндегі «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы бойынша Мемлекет басшысының бастамаларын ілгерілетуді қамтамасыз етуі керек», - деді Серік Ахметов.
Осы ретте «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасына тоқтала кетсек. Аталған бағдарламаның негізгі міндеті - «Жасыл экономика» бағдарламалары мен жоспарларын іске асыру бойынша ғаламның ірі өңірлері мемлекеттерінің серіктестігіне ықпал ету, мемлекеттік, жеке секторлық, қоғамдық және халықаралық ұйымдар күштерін біріктіру. «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасында донор-елдер және көмек алатын елдер жоқ. Қозғалыс екі бағытта жүреді: бір жағында экологиялық таза жасыл технологиялар, ал екінші жағында «жасыл» технология бойынша өндірілген «жасыл» тауарлар. Алдыңғы қатарлы елдер «толығымен дайын» тегін негізде өздерінің жаңа жасыл технологияларын ұсынуы тиіс. Өз кезегінде, дамушы елдер «жасыл технологияларды» тарту үшін қолайлы инвестициялық климат тудыруы қажет.
Бұл ретте барлық әріптес-елдер «жасыл технологиялар» бойынша өндірілген «жасыл тауарлар» үшін еркін нарық ұсынуы тиіс.
Дамушы елдер үшін қолайлы жағдайлар жасау тек қана жоғары тиімді технологиялар және дамыған мемлекеттер нарығы үшін экспорттық тауарлар бизнеске көміртегі нарығын нақты өніммен толтыруға мүмкіндік беріп, қаржылық «көпіршіктен» аулақ болуға жол берер еді.
«Жасыл көпір» Әріптестік бағдарламасын іске қосу және жүзеге асырудың негізгі талабы - көпжақты келісім болып табылады.
Осы бағытта алдағы уақытта ғалымдар мен әзірлеушілердің авторлығы сақтала отырып, «жасыл технологияларды» дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде қолжетімді ету шаралары қарастырылатын болады.
Мамандар 2012 жылы Бразилияда өтетін орнықты даму және қоршаған орта бойынша Дүниежүзілік саммитте осы бағытта негізгі құжаттар қабылданатынын күтеді. Ендеше Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді атқара отырып, Қазақстан да әлемдік аренадағы «жасыл көпір» әріптестігіне жоғары деңгейде жауап қатса игі.