Қазақстандық екі боксшы Германияда «Chemistry Cup» жартылай финалына шықты
Турнирдегі өзінің дебюттік жекпе-жегінде Теміртас Жүсіпов (49 келі) ирландтық Хуши Майерсті айқын басымдылықпен ұтты - 3:0, ал Ілияс Сүлейменов (52 келі) неміс спортшысы Хамза Тубаны 3:0 есебімен жеңіп кетті. Х.Туба тәжірибелі болуына (Алматыдағы әлем чемпионатына және WSB додасына қатысқан) қарамастан оған туған елінің қабырғасы да сүйеу бола алмады, біздің боксшының тегеуріні шыдас бермеді. Алмасбек Әлдибеков (64 келі) тәжірибелі молдаван боксшысы Дмитрий Галаготаға 1:2 есебімен есе жіберді.
Бүгін түнде рингке Берік Әбдірахманов (60 келі) мен Әділбек Ниязымбетов (81 келі) шығады, олар тиісінше Франциядан Софьян Оумимен және Англиядан Лоуренс Осукемен қолғап түйістіреді.
Ертең Теміртас Жүсіпов Түркия өкілі Толган Өзтүрікпен ұрыс өткізеді, ал Ілияс Сүлейменовтің қарсыласы бүгін кешке - үшінші сессияда белгілі болады.