Қазақстандық ғалымдар Оңтүстік полюске тұңғыш рет автокөлік экспедициясын ұйымдастырады

АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Қазақ географиялық қоғамы» ұйымы Жердің Оңтүстік полюсіне тұңғыш қазақстандық автокөлік экспедициясын ұйымдастырады.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақ географиялық қоғамы президиумының төрағасы, экспедиция жетекшісі Нұрлан Әбдуов мәлім етті.

Қарашаның соңында үш көлікпен жолға аттанатын экспедиция мүшелері Оңтүстік полюске Қазақстан байрағын 16 желтоқсанда тігуді межелеуде. Себебі осынау шара ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр.

Экспедиция құрамы 8 адам тұрады. Олардың ішінде техникалық қамтамасыз ету мамандары, Қазақ географиялық қоғамының ғалымдары мен жетекшілері бар.

«Сапардың мақсаты - ғылыми, экологиялық, метеорологиялық зерттеулер жүргізу. Зерттеу барысында салыстырмалы талдау үшін ондағы ауа, мұз және су үлгілері алынады. Антарктида - бүкіл Жер шары­ның ең таза құрлығы. Сондықтан ол жерден алынған ауа, мұз, су сынамалары Қазақстандағы үлгілермен салыстырылатын болады», - деді экспедиция жетекшісі Н. Әбдуов.

Антарктидаға дайындық ретінде жоба ұйымдастырушылары былтыр өте қатал климаттық жағдайларға төтеп бере алатын арнайы жарақталған автокөліктерді «Но­волазеревская» бекетіне жет­кізіп, Оңтүстік полюске дейін сынақ ретінде жүріп келген көрінеді. Олар 2 308 шақырым құрайтын «Новолазеревская» бекеті - Оңтүстік полюс бағытын 108 сағатта өтіп, Антарктидаға жету жылдам­дығы бойынша әлемдік рекорд орнатқан. Бүгін осыған орай, баспасөз мәслихатында Гиннес рекордтар кітабының инспекторлары «Қазақ географиялық қоғамы» ұйымының жетістігін ресми түрде растайтын сертификат табыс етті.

Ұйымдастырушылар аталмыш ғылыми сапарға БАҚ өкілдерінің назарын аударуға үлкен мән беруде. Ол үшін команда мүшелері өздерінің сапары барысында каzgeo.kz сайты арқылы онлайн режімінде тікелей байланыста болады.

Соңғы жаңалықтар