Қазақстандық интернеттің ресми логотипі пайда болды

Бүгін Астанада Интернет сегменті жүйесінің қазақстандық логотипін әзірлеу бойынша республикалық байқаудың нәтижесі шығарылып, жеңімпаз марапатталды.
Конкурстық комиссияның құрамына бұрынғы мәжілісмендер Бақыт Сыздықова мен Мұрат Әбенов, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің, «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің», «Қазконтент» АҚ-ның өкілдері және белгілі қазақстандық блогерлер енді.
Байқауға 70-ке жуық дизайнерден 200-ге тарта ұсыныс түсті. Жеңімпаз BNews.kz порталында өткен онлайн-дауыс беру арқылы анықталды. Нәтижесінде, Қостанай қаласының 59 жастағы тұрғыны, суретші, графист және плакатшы Юрий Новоселов интернетті пайдаланушылардың 40 пайыздан астам дауысын жинады. Оның ұсынған логотипі бұдан былай қазақстандық интернеттің ресми логотипі саналатын болады. Жеңімпаз IРad планшеттік компьютерімен марапатталды.
Ю.Новоселов еркін суретші, ес білгелі қылқаламды жанына серік еткен. Логотиптің дизайнын жасап шығаруға жарты күн уақытын жұмсаған.
М.Әбенов атап көрсеткендей, қазнеттің логотиптері үшін халық арасында дауыс беру өте қызу жүрді. Адамдардың белсенділігі қазақстандық ғаламторға өзінің логотипі қажет екендігін көрсетті.
Қазақстандық интернеттің ресми логотипінен қазақтың ұлттық болмысына тән - шаңырақты, кең даланы, қыран құсты көруге болады.
Байқауды ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазконтент» АҚ ұйымдастырды.