Қазақстандық қаруды жетілдіру жұмыстары аяғына дейін жеткізіледі - ҚР Қорғаныс министрі

None
None
АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстандық қаруды жетілдіру жұмыстары аяғына дейін жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Астанада журналистер сауалына жауап беру кезінде Қорғаныс министрі Даниал Ахметов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұдан бұрын хабарланғандай, Израильдің «IMI» және «Soltam Sistems» компанияларымен дүркін-дүркін оқ жаудыратын «Найза» зымыран жүйесін алуға және «Семсер» артиллериялық жүйесі мен «Айбат» жаңа минаатқышын жетілдіру жөнінде келісім жасалған болатын. Бұл мәселе бойынша 2008 жылдың тамыз айында 82 миллион АҚШ доллары тиімсіз пайдаланылды деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Ал биылғы жылдың сәуір айының 10-ында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тергеу департаменті Қорғаныс вице-министрі Қажымұрат Мейірмановты қызмет өкілеттігін теріс пайдаланды деген айыппен қамауға алды. Қазір бұл мәселе бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл қарулар әзірге тек конструкторлық талдаудан ғана өтуде. Бірқатар мәрте оқ атылғаннан кейін нәтижесінде сыналған қарудың 80 пайызы істен шықты. Жалпы «Семсер», «Айбат», «Найза» сияқты 54 дана қаруды жетілдіріп алуға тапсырыс беріліп, 190 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалған. Есеп комитеті мемлекетке келген шығынды 82 миллионнан астам долларға бағалап отыр. Аталған мәселе бойынша Израиль Елшісімен кездескенін жеткізген Д. Ахметов, «кездесуге барлық израильдік компаниялар шақырылды. Бүгін бұл мәселеде үш фактор бар. Біріншісі, барлық жабдықтар Қазақстанға жеткізілді. Екінші фактор, Израиль тарапынан жеткізілген жабдықтар комплектісіз екені анықталды және біз олардың ақауы бар екенін білеміз. Үшінші фактор, қазақстандық кәсіпорын жетілдірген, оның ішінде Ерейментау зауытының жабдығы да сапасыз екені анықталды. Сондықтан Израиль жағы қысқа мерзімде барлық ескертулерді жою міндетін алды. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпорын ақаумен жасаған 13 жауынгерлік машинаның кемшіліктері де түзетілетін болады», деді ол. Министр аталған әскери жабдықтарды қабылдауда жауапсыздық танытқан әскери қызметшілер жазаланып, лауазымдарынан босатылғанын айтып өтті. Сонымен қатар қорғаныс ведомствосының басшысы аталған қаруларға қатысты жасалған барлық ескертулер түзетілетінін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар