16:39, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Германияда жекпе-жек өткізеді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Германияның Дюссельдорф қаласында қаңтардың 17-сінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин аргентиналық Хавьера Альберто Маманимен рейтингтік жекпе-жеке өткізеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. 1982 жылы сәуірдің 8-інде Қарағандыда өмірге келген Геннадий Головкин әуесқой бокста 2003 жылы Әлем чемпионы және 2004 жылы Олимпиада жүлдегері атанған болатын. Афины Олипиадасынан кейін кәсіпқой боксқа ауысқан ол осы уақытқа дейін 14 жекпе-жек өткізді. «Алтын бала» деген лақап аты бар Геннадий қарашаның 22-сінде Германияда болған соңғы кездесуінде беларус Малик Дзиарруды техникалық нокаутпен жеңген болатын. Рингтегі барлық кездесуде қарсыластарынан басым түскен қазақстандық былғары қолғап шебері бұл жекпе-жекте 11-ші рет жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Ал «Кобра» деген лақап аты бар аргентиналық Хавьера Альберто Маманидің бұл 36-шы кездесуі. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2001 жылы қарашаның 29-ында өткізген ол 19 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. 1981 жылы қазанның 19-ында Сальтада туған Хавьера қазіргі таңда WBA нұсқасы бойынша құрлықаралық чемпион.