Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Алматыда өткен халықаралық турнирде ел мерейін үстем етті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда кәсіпқой бокстағы тұңғыш жекпе-жегін қырғыз боксшыларымен өткізген Әнуар Мұсағұлов пен Марат Сүлейменов 4 раундық сайыста ұпай санымен алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Әнуардың қарсыласы бұған дейін 4 кездесу өткізген (3 жеңіс, 1 жеңіліс) Ерлан Исмаилов. Ал Мараттың қарсыласы осы уақытқа дейін 8 кездесу жасаған (2 жеңіс, 6 ұтылыс) Азизбек Қалмаматов болды. Ал қалған Қазақстан мен Өзбекстан былғары қолғап шеберлерінің 6 раундық 5 кездесуі де нокаутпен аяқталды. Онда Миржан Жақсылықов Зиовидин Мамаризаевты 1-ші раундта, Қанат Қартенбаев Хуршидбек Маддаминовты, Мират Сәрсембаев Асрор Сотволдиевті 4-ші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Сондай-ақ Александр Журавский 2-ші раунда Бекзод Шокировты және Берік Қалиев 3-ші раундта Гиезидин Мамжановты естен тандырып, нокаутпен ұтты. Миржан Жақсылықов пен Берік Қалиев "Снайпер" клубында, ал қазақстандық өзге былғары қолғап шеберлері "Абылайхан" клубында жаттыққан болатын.
"Мен бұл турнирде грузиялық Хвича Папиашвилимен жұдырықтасуға дайындалған едім. Қарсыласымның өзгеріп кеткенін жарысқа 1 күн қалғанда ғана білдім. Өзбекстандық Асрор Сотволдиевті бұрын көрмек тұрмақ, атын да естімеген едім. Сондықтан алғашқы раундтарда оны еркін жіберіп көрейін деп шештім. Физикалық жағынан мықты солақай боксшы екен. Мені жеңем деп келгені көрініп-ақ тұрды. Бұл жолы бокстасу мәнерімді де өзгерттім. Бүгін інім Марат та алғашқы кездесуін өткізіп, тұңғыш жеңісіне қол жеткізді", дейді Мират Сәрсенбаев.