Қазақстандық компаниялар Өзбекстанда геологиялық барлау жүргізуді жоспарлап отыр
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Геологиялық барлау жұмыстарымен айналысатын қазақстандық компаниялар Өзбекстанда жұмыс істеуге әзір. Бұл туралы «Aurora Minerals Group» Қазақстан-Аустралия компаниясының бас директоры Қайсар Қожамұратов «Узгеоинвест-2017» Х халықаралық конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«Өзбекстанда кен орындары көп болғандықтан, геологиялық барлау тұрғысынан үнемі қызығушылық тудырып келеді. Республикада болып жатқан соңғы оқиғаларға байланысты елдің әлеуетті мүмкіндігін зерттеу үшін осында келдік. Болашақта Өзбекстан нарығына кіріп, әлеуетті клиенттерге өз қызметтерімізді ұсынбақпыз», - деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек, «Aurora Minerals Group» компаниясының басшысы атап өткендей, оның компаниясының клиенттерін асыл, түсті металлдар мен полиметаллдар қызықтырады.
Қазіргі таңда ӨР үкіметінің шешімімен шетелдік инвесторларға 29 кен ошақтары мен 111 қатты пайдалы қазбалардың кен орындары ұсынылып жатыр.