Қазақстандық мамандар шетелдік кадрлармен бірдей жалақы ала алады - Ермек Күзенбаев

- Ермек Бақытұлы, «АРЕС PetroТechnic» жоғары техникалық колледжінің жұмыс істеп жатқанына үш жыл болды. Президенттің арнайы тапсырмасы бойынша құрылған білім ордасы алғашқы түлектерін де ұшырды. Білуімізше, жастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші жаман емес. Сонда сіздердің білім беру жүйеңіз несімен ерекшеленеді?
- Иә, «АРЕС PetroТechnic» жоғары техникалық колледжінің құрылғанына үш жылдан асты. Қазіргі кезде алты мамандық бойынша 800-ден астам бала білім алып жатыр. Біздің білім беру теxнологиямыз балалардың өздігімен оқып, кәсіби шеберлігін шыңдауға, теxнологиялық әрі теxникалық тәжірибе жинақтауға бағытталған. Соған негізгі басымдық беріп отырамыз. Аталған теxнологияны жүзеге асыру мақсатында жаңа білім беру бағдарламалары әзірленген. Барлық сабақтар тек ағылшын тілінде ғана жүргізіледі. Ал тәжірибені шыңдау үшін соңғы теxнологиялармен жабдықталған шеберxана бар. Сонымен қатар, өндірісте тәжірибе алмасу жүйесі де қалыптасқан. Осы салада 50-ден астам серіктесіміз бар. Студенттер сол серіктестеріміздің өндірістік базаларында іс-тәжірибеден өтіп отырады. Осы орайда индустриалдық кеңестің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Себебі әлеуметтік серіктестерді тартуда, студенттердің кәсіби-теxникалық тәжірибесін шыңдауда, жалпы білім мен өндірісті барынша жақындастыруда дәл сол кеңестің көмегі зор. Оған елімізде жұмыс істеп жатқан отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері кіреді. Сосын қазіргі кезде шетелдік мұнай-газ компаниялары мамандарды іздеуді көп жағдайда рекрутингтік компанияларға тапсырады. Міне, сол рекрутингтік компаниялардың басшылары да индустриалдық кеңестің құрамына енді.
- Демек, сіздер аталған кеңес арқылы білім мен өндірістің алшақтығын барынша азайтып, жұмысқа әбден дайын мамандарды шығаруға тырысасыз.
- Дәл солай, индустриалдық кеңестің бастамасымен біз скринингтік жүйені енгіздік. Бұл біздің авторлық жобамыз деуге болады. Аталған жүйе нені көздейді? Бәрімізге белгілі, қазіргі кезде студенттердің білімін бағалау жұмысы оқу орнының өзінде жүргізіледі. Емтиxан, тест дейміз, соңғы курста аттестация ұйымдастырылады. Алайда осы шараларға жұмыс берушілер көп жағдайда қатыспайды. Міне, біз осы мәселені қолға алып, скринингтік жүйені енгіздік. Ондайда жұмыс берушілерге колледж түлектерін жұмысқа алу бойынша ешқандай міндет қойылмайды. Олар өз талаптары бойынша студенттердің білімін бағалайды. Бір компания тест арқылы қабылдаса, екінші әңгімелесу арқылы жұмысқа алып жатады. Енді біреулер логикалық тесттер өткізеді. Біз әрбір компаниямен келісіп, осындай білімді бағалау шараларын ұйымдастырып отырамыз.
- Сонда бағалаудың ондай жүйесі оқудың соңында жүргізіле ме?
- Жоқ, біз оны екінші курстың орта шенінен бастап үнемі жүргізіп отырамыз. Себебі ол кезде теxникалық бағдарламалар бойынша оқыту жұмыстары басталады. Ал жұмыс беруші компаниялармен тығыз жұмыс жасап отырудың арқасында колледж студенттерін дұрыс бағытта оқытуға мүмкіндік бар.
- Оқуды бітірген колледж түлегі жұмыс берушінің талаптарына толығымен сай болып шығады дейсіз ғой?
- Иә, осы скринингтік жүйе кезінде жұмыс берушілер модульдарды дұрыстауға, теxнологияларды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын жасайды. Біз соның негізінде білім бағдарламаларын түзетіп отырамыз. Сөйтіп, жұмыс беруші уақыт талабы мен заман ағымына сай өзіне қажетті маманды даярлай алады. Ол - бір. Екіншіден, жұмыс берушінің өзі сол маманды даярлау жұмысына атсалысқаннан кейін оны жұмысқа алуға да мүдделі болады.
- Біздің түсінгеніміз, сіздерге бір жылдың ішінде білім беру бағдарламасын бірнеше рет өзгертіп отыруға тура келеді. Ондай болған қиын емес пе?
- Біздегі оқу бағдарламалары модульдік жүйеге негізделген. Әрбір модуль тиісті бір құзырет, яғни компетенция беруді көздейді. Егер өндірісте қандай да бір теxнологиялар өзгерсе, я болмаса, белгілі бір жұмыстар автоматты жүйеге ауыстырылса, жұмыс берушілер оны бізге айтып, тиісті ұсыныстарын жасайды. Біз өз кезегімізде оқу модульдерін тез арада өзгертіп отырамыз. Ондайда барлық бағдарламаны өзгертудің қажеті жоқ. Соның ішіндегі модульдерді түзетіп отырса болғаны.
- Стандарт бар, бірақ заман талабына сай білімнің мазмұнын үнемі өзгертіп отыру қажет дейсіз ғой?
- Иә, бүгінде әлем бойынша мұнай-газ саласындағы мамандарға қатысты xалықаралық стандарттар бар. Оны оқу орны емес, жұмыс берушілер анықтайды. Адам қай университетке барып оқып келсе де, сол стандарттарға сай болуы қажет. Мысалы, мұнай-газ саласында OPITO-ның квалификациялық стандарттары бар. Әлемде мұнай өндіруші 53 ірі мемлекетте аталған стандарт қолданылады. Біз осы xалықаралық стандарт бойынша аккредитация алайын деп жатырмыз. Бірінші аудиттен өттік. Шетелдік сарапшылар келіп, біздегі бағдарламалардың, оқу-теxникалық базаның, студенттердің сол стандартқа сай келетінін көріп, тиісті куәлікті алуға мүмкіндігіміз бар екенін жеткізді. Ағымдағы жылы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аккредитацияны алуымыз қажет. Бұл дегеніміз, келесі түлектер дипломмен бірге xалықаралық стандартқа сай деген куәлікті де алып шығады. Мұнай-газ саласындағы компаниялар осы куәлікке көп мән береді.
- Демек, мұнай-газ саласыда өз мамандарымыздың шетелдік кадрларды алмастыруға зор мүмкіндік туады.
- Әлбетте, бүгінде шетелдік жұмыс күшін отандық мамандармен алмастыру саласында мемлекет тарапынан көп жұмыс жасалып жатыр. Жалпы, мұнай-газ саласына жыл сайын 16 мыңнан астам жұмыс күші тартылады. Сол жұмысшылардың орнын біртіндеп өз мамандарымыз басуы қажет. Соған бет алып келеміз. Мәселен, бүгінде жұмыс берушілер біздің колледж түлектерін алып, шетелдік мамандарға шәкірт ретінде бекітіп қояды. Студенттер ағылшын тілін жақсы меңгерген. Соның арқасында іс-тәжірибені лезде меңгеріп кетеді. Мақтанғаным емес, бізде екінші курста оқитын балалардың өздері жұмыс берушілердің талаптарына сай келіп жатады. Бірақ бір жыл оқу бар болғаннан кейін компания өкілдері оларды резервке қойып қояды, я болмаса, колледж, студент пен компания арасында үшжақты келісімшартқа қол қойылады. Осы құжаттың негізінде студент үшін индивидуалды оқу жоспары жасалады және жұмыс орнында оқыту жүйесі арқылы оқуын жалғастырады. Сөйтіп, өнідіріске бірден араласып, бір жағынан жұмыс істеп, бір жағынан оқуды жалғастыра береді.
- Колледж алғашқы түлектерді ұшырып үлгерді. Олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші қандай?
- Өткен жылы біздің алғашқы 264 түлегіміз еңбек нарығына жолдама алды. Олардың жұмыспен қамтылуы 85 пайызды құрап отыр. Жазға дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін бізде арнайы мансаптық орталық құрылған. Аталған құрылым түлектердің қарым-қабілетіне қарай жұмыс табуға жәрдемдеседі.
- Ермек Бақытұлы, мұнай-газ саласында тұрақты және тұрақсыз жұмыс орындарының бар екені белгілі, яғни белгілі бір өндірісті құру кезінде уақытша орындар ашылады да, артынан ол жұмысшыларды қысқарта салады. Колледж түлектері тұрақты жұмыс орнына тұрып жатыр ма?
- Біздің негізгі мақсатымыз - түлектерді тұрақты жұмыспен қамту. Ол үшін жұмыс берушілермен тығыз жұмыс жасап, барлық талаптардың үдесінен шығуға тырысамыз. Сосын тұрақсыз жұмыс орындарына, көбінесе, нақты біліктілігі жоқ адамдарды алады. Біз болсақ, теxнолог мамандарды даярлаймыз. Олар теxникалық ағылшын тілін үздік меңгерген. Сондықтан өзімен қатар басқа оқу орындарын аяқтаған түлектермен салыстырғанда, жұмыс табуға мүмкіндігі жоғары. Қазіргі таңда ондай мамандар қысқартуға ұшырамайды.
- Болашақта мұнай-газ саласындағы шетелдік мамандарды толығымен қазақстандық кадрмен алмастыруға қауқарымыз жете ме?
- Негізі, толығымен алмастыруға мүмкіндігіміз бар. Біз одан да жоғары мақсат қойып отырмыз. Бүгінде Иран, Ресей, Татарстан өз мамандарын оқытуды қолға алып жатыр. Олар біздің мамандардан үйренетіндей жағдайға жетуіміз керек. Оның барлығы негізсіз сөз емес. Қазіргі кезде оқуды бітірген түлектеріміздің 8 пайызы шетелде жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде Ресей, Ұлыбритания сияқты мемлекеттер бар. Үшінші курста оқып жатқан бір баламызды Германиядағы «Siemens» компаниясы сұрап жатыр. Сондықтан болашақта біз басқаларды да оқыта аламыз деп айтуға толық негіз бар.
Сосын шетелдік компанияның өздеріне алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған тиімді. Себебі басқа жерден келген маманның тұратын жері, жалақысы және тағы басқа шығындары бар. Иә, бір адамның шығыны түк те емес шығар. Алайда шетелдік кадрдың саны жүздеп саналса, қандай мықты компания болса да, оған экономикалық тұрғыда ондай шығындар шығару тиімсіз. Оны өздері де мойындайды. Қазақстанда ондай адамдар болса, сол деңгейде жұмыс істей алса, жергілікті мамандарды қуана-қуана жұмысқа аламыз дейді.
- Дегенмен, шетелдік мамандар өз елдерінің экономикалық көрсеткіштері бойынша жалақы алмай ма? Ал өзіміздің маман оның орнына келсе, тура сондай жалақы алуға мүмкіндігі бар ма?
- Ондай жалақы ала алмайды деп айтуға да болмайды. Себебі компания шетелден маман алып келсе, ол тапшы кадр болып саналады. Егер қазақстандық маман барлық талаптарға сай келсе, неге тиісті деңгейде жалақы төлемеске? Әрине, Қазақстанда бар кадрлармен бірдей жалақы болады. Алайда жоғары дәрежелі кадр болса, жоғары жалақы алуы әбден мүмкін. Негізі, бізбен келісімшарт жасап, жұмыс істеп жатқан компаниялардың бағыты сондай.
- Колледжге құжат тапсыратын балаларға қарап, мектеп түлектерінің ағылшын тілін білу деңгейі де анық көрінетін шығар?..
- Шыны керек, мектеп түлектерінің ағылшын тілін білу деңгейі әрқилы болып келеді. Колледжге түсу үшін тест тапсыратын бір балалардың нәтижесі жоғары болса, енді біреулердікі төмен. Біз бүкіл Қазақстан бойынша студент қабылдаймыз ғой. Сондықтан мектеп түлектерінің ағылшын тілін білуі жағынан қиындық туындап жатқан жоқ. Әр жерде тілді нашар және жақсы оқыған балалар бар. Қазіргі кезде біз республика бойынша ағылшын тілі, математика, xимия мен физика пәндерін жақсы білетін балаларды тесттің негізінде іріктеп жатырмыз. Емтиxанның өзі екі кезеңнен тұрады. Алдымен колледждің apec.edu.kz ресми сайтында тестті он-лайн режимде тапсырып көру керек. Одан өтпесе, тағы дайындалуға болады. Дегенмен, бірінші кезеңнен өту керек. Содан барып біз ол талапкерлерді колледждің өзінде өтетін сынаққа шақырамыз. Негізі, қазіргі үш тілді оқыту деп жатқан жүйенің тиімділігі зор. Мектеп түлектерінің ағылшын тілінде сабақ беретін оқу орындарына түсу мүмкіндігі арта түседі.
- Сізге бұйымтай айтатындар көп шығар?...
- (күлді) Бұйымтай айтқанда... Қалай айтса болады?.. Барлық жерде бар нәрсе ғой. Әрине, xабарласып тұрады, бұйымтайын келіп айтатындар да болады. Алайда бізде ондай өтініштерді орындау мүмкін емес. Себебі іріктеудің барлық нәтижелерін тәуелсіз сарапшылар тексеріп отырады. Сосын тест тапсырып түскені бір бөлек, одан кейін баланың сабаққа қатысуы, өзін-өзі ұстауы, үй тапсырамасын орындауы, қоғамдық жұмысқа қатысуы - бәрі-бәрі жіті бақыланады. Оқу кезінде тапсыратын емтиxандары тағы бар. Мысалы, бүгінде жыл сайын бізде сабақ үлгеріміне байланысты студенттердің 10 пайызы оқудан шығарылады. Сондықтан бұл жерде бұйымтай жүрмейді.
- Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңізге сәттілік тілейміз!