Қазақстандық «Ник Вуйчич» өз кумирімен кездесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -  Аяқсыз туылған астаналық оқушы Әли Тұрғанбеков белгілі оратор Ник Вуйчичпен кездесті. Қос мұңдастың кездесуі қалай өткенін анасы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Әлидің әкесінің айтуынша, кездесу бір ай бұрын белгіленген. Олар 30-40 минуттай әңгіме айтқан.

«Никке баламыздың жетістіктері туралы айттық. Әли футбол ойнайды, жүзумен айналысады. Баламыздың гол соққан видеосын көргенде Ник күлкіге ерік берді. Шетелдік қонақ аяғы жоқ баланың футбол ойнағанын көріп таңғалды. Әли ол кезде өте бақытты болды. Олар қалжыңдасып, әңгіме-дүкен  құрып,  суретке түсті», - деді Азамат Тұрғанбеков.

Ник Вуйчич Қазақстандағы осындай балалардың ата-аналарының бірігуі керектігін айтып, оған қал-қадірінше көмек көрсететіндігін айтты.

«Оған проблемаларымызды айтып жатқымыз келмеді. Біз ол үшін келмедік. Бірақ ол өзі не алаңдататынын сұрай бастады. Жақында Астана әкімінің қабылдауында болғанбыз. Ол баспана мәселесін шешіп беремін деп уәде еткен. Байланыс нөмірлерімізді алып қалған», - деді Азамат Тұрғанбеков.

Әлидің анасы кішкентай сәбиімен Алматыға келе алмаған. Бірақ әкесі кездесуден фотоларды жіберіп тұрған.

«Әрине, көзіме жас алдым. Ник адамға шабыт береді. Баламның Ник сияқты беделді болғанын қалаймын. Алғаш рет Малаховқа хат жазғанда Никпен кездестіруін сұрағанмын. Сөйтіп, ең алғаш рет Мәскеуде кездескенбіз. Ол кезде дәл бүгінгідей жақын болмаған. Ник Әлидің Инстаграмдағы Ali_Amir_happy парақшасындағы видеоларды баламмен бірге тамашалады», - деді анасы.

Айта кету керек, Әли Тұрғанбеков туралы бұрын да жазған болатынбыз. Екі аяқсыз туған оқушы көп уақытқа дейін мектепке бара алмай келді. Мектеп әкімшіліктері оны оқуға қабылдамады. Сол себепті отбасы Астанаға көшіп кеткен.

Бүгін атақты Ник Вуйчич Алматыдағы форум барысында көпшілікке дәріс оқыды. Болашақта ол мектеп оқушыларына арнап дәріс оқуға ниет білдіріп отыр. Ол үшін Қазақстан билігімен әріптестік жайлы сөйлесуге дайындығын білдірді.

Екі сағат бойы Ник қазақстандықтарға отбасылық өмірі, мансабы, кәсібі туралы әңгіме айтты.

«Сіздер өз өмірлеріңізді одан да жақсы ете аласыздар. Сіздер біреудің өмірін де жақсарта аласыздар. Қазір жағдайдың жоқтығына, сыбайлас жемқорлыққа сілтей салуға болмайды. Сіз тым болмаса бір адамға көмектесе аласыз. Қазақстан үкіметі менімен сөйлесуге ниет білдірсе, қазақстандық балаларға ой тастауға дайынмын», - деді Ник Вуйчич.

Қазіргі таңда Никтің әйелі, 2 ұлы бар. Жақында егіз қызы дүниеге келеді.

Айта кету керек, Synergy Global Forum бизнес-форумы Almaty Arena сахнасында өтіп жатыр. Ертең келушілер үшін әлемнің ең тәжірибелі адамдары тренинг өткізетін болады.

Соңғы жаңалықтар