Қазақстандық оқушылардың үздік жобаларын кәсіпкерлер қаржыландыруы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық мектеп оқушыларының үздік жобаларын кәсіпкерлер қаржыландыруы мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада өткен мектеп оқушылары арасындағы инновациялық жобалардың ұлттық олимпиадасына арналған брифингте «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы» кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы бүгіннен бастап мектеп оқушылары арасында ұлттық олимпиаданың басталғанын жариялап отыр. Ұлттық олимпиадаға еліміздің барлық мектебінің 6-11 сыныптарының оқушылары қатыса алады. Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, үміткерлерді 6-8 және 9-11 сыныптар арасында екі топқа бөліп қатыстыру көзделген. Қатысушылардың «Жасыл энергетика», «ІТ», «Модельдеу және робототехника», «Тұрмысқа пайдалы өнертабыстар» атты тақырыптық бағыттар бойынша бақтарын сынауына мүмкіндік бар. Олимпиада басты 3 кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, оқушылардың жұмысын қабылдау, келіп түскен жұмыстарды сарапшылардың қарауына ұсыну мен қорытындысын шығару және соңғы кезең - марапаттау кезеңі. Қатысушылар өз жұмыстарын olimpiad.kz2050.kz сайтына жолдай алады. Сайтта жұмыстарды қабылдау тәртібі мен сайтқа орналастыру жолдары көрсетілген. Жұмыстарды сайтқа жолдауды уақыт жағынан ұтымды әрі сенімді екенін ескердік. Келіп түскен жұмыстардың ішінен 10 жоба іріктеліп алынады. Біздің жобамызға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры қолдау танытып отырғаны үшін алғыс білдіргіміз келеді», - деді М.Манкеев.

Кеңес төрағасы бұл олимпиаданың дәстүрлі олимпиадалардан ерекшелігіне де тоқталып өтті.

«Іріктеуден өткен жұмыстар марапатталып, одан әрі дамыту және коммерцияландыру үшін менторларға ұсынылады. Менторлар жоба авторларына ақыл-кеңестерін беріп, мүмкіндіктерінше демеушілік танытады. Біздің олимпиада жеңімпаздары жұмыстарымен қоғамға, өзіне пайдасын тигізетін болады», - деді М.Манкеев.

Айта өтейік, қазіргі уақытта жұмыстарды бағалауға арналған сарапшылар тобы құрылған. Сарапшылар тобына оқушылар өз жұмыстарын 2017 жылғы 15 қазанға дейін ұсына алады. Түрлі бағыт бойынша келіп түскен жұмыстардың ішінен жүлдеге лайықтылар іріктеледі. Жүлдеге ие болған 10 жобаның авторына білім сертификаттары беріліп, кубок тапсырылады.

Соңғы жаңалықтар