Қазақстандық рекордсмен қара күштің құпиясы туралы кітап жазып жатыр

«Биыл біз ауқымды жоспар бойынша жұмыс жүргіземіз деп отырмыз. Нақтырақ айтқанда, адам ағзасының ішкі әлеуетін аша білу, қара күшке ие болу әдістемесі туралы кітап шығарсақ дейміз. Кітап жазу жұмысы, әне-міне, аяқталады. Менің ойымша, биыл қарай жарыққа шығады. Кітабым Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де тарайды деген үмітім бар. Бұл кітап әр адамға қалай қара күш иесі атануға болатынын үйрете отырып, бойындағы күші мен қабілетін дұрыс бағдарға бұруға көмектеседі», - деді ақмолалық балуан Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында өткен жиында.
Балуанның айтуынша, аталмыш кітап аз уақыттың ішінде адам бойындағы күш қарым-қабілетін ашу мүмкіндігі бойынша бағыт-бағдар береді.
«Кітапқа өткен ғасырдың алып күш иелерінің әдістемесі енгізіледі. Әсіресе, КСРО мемлекекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы бөлімшелерінің әдістемелерін қамтып отырмыз. Сонымен бірге, кітапта өзім жайлы, қалай тәрбие көріп, осы күнге жеткенім жөнінде баяндалады», - дейді ол.
Сергей Цырульников қазірдің өзінде бірнеше әлемдік рекордты жаңартуға қауқарлы екенін тілге тиек етті. Бірақ, ол қандай рекордтар екенін айтқан жоқ.
«Рекордтар туралы айтсам, қазірдің өзінде 5 рекордты жаңартуға дайынмын. Менің тепловозды тартқан соңғы рекордымды 10-15 миллионға тарта адам тамашалады. Қытайдың өзінде 4 миллиондай адам көріпті. Рекордтарды жаңарта беруге әзірмін, бірақ бұл қадамдар мені жігерлендіріп отырса деймін», - деді балуан.
Еске сала кетсек, өткен жылдың мамыр айында Сергей Цырульников салмағы 148 тонналық вагон тіркеулі тепловозды бірнеше метрге сүйреп апарып, рекорд орнатқан болатын.
Ал өткен жылдың соңында Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында ақмолалық палуан Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге екі ел достығының символы ретінде өрілген шегелерді сыйға тартқан еді.