Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық самбошы Е.Байбатыров Тбилиси қаласында өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Грузия астанасы Тбилиси қаласында самбодан өткен «А.Чохелидің мемориалы» халықаралық турнирінде батысқазақстандық палуан, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров күміс медальді жеңіп алды.

Қазақстандық самбошы Е.Байбатыров Тбилиси қаласында өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Ерболат 57 кг салмақта алдымен жергілікті палуанды тізе бүктірсе, содан кейін Армения елінің өкілін ұтты. Үшінші белдесуінде ресейлік палуаннан басым түскен, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райымбек Меңдіғалиев баптап жүрген Ерболат Байбатыров финалда ғана Грузия самбошысына есе жіберді.

Еске сала кетейік, Е.Байбатыров осыған дейін Ресейдің Кстово қаласында «М.Бурдиковтың мемориалы» халықаралық турнирінде де күміс жүлдені еншілеген болатын.

«Осы екі халықаралық жарыста жүлде алуым маған самбодан әлем чемпионатына қатысуыма мүмкіндік береді. Биыл дүниежүзілік додада 10-14 қараша күндері Болгария астанасы София қаласында өтеді. Осы әлем біріншілігінде ел намысын абыроймен қорғап, жүлдеге ілігу үшін барымды саламын», деді Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Е.Байбатыров ҚазАқпарат тілшісіне.